Муддәссир сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әй жамылушы! (1)
Тұр енді! Адамдарға ескерт! (2)
Раббыңды ұлықта! (3)
Киіміңді тазала! (4)
Әр түрлі лас істерден аулақ бол! (5)
(Қылған ісіңді) көп міндет қылма. (6)
Раббың үшін сабыр ет. (7)
Қашан Сұр үрілсе; (8)
Міне сол күн, өте ауыр күн. (9)
Негізінен қарсы келушілерге қолайсыз. (10)
Мені, жаратқан кісімменен жалғыз қалдыр. (11)
Оған көптеген мал бердім. (12)
Әзір тұратын ұлдар бердім. (13)
Оның жағдайын кеңітіп, ықпалын арттырдым. (14)
Сосын тағы да арттыра түсуімді үміт етті. (15)
Әсте болмайды. Өйткені ол, қасарысқан еді. (16)
Жақында оны өрге зорлаймын. (17)
Өйткені ол, ойластырып, шамалады. (18)
Сосын ол өлгір, қалай шамалады? (19)
Содан кейін ол жаны шыққыр, қайтып мөлшерледі? (20)
Сосын ол, қарады. (21)
Содан кейін ол, қабағын шытып, томсарды. (22)
Сосын ол, теріс айналып паңданды. (23)
Сонда ол: “Бұл, үйретіліп келе жатқан бір сиқыр” деді. (24)
“Бұл, адамның сөзі ғана.” (25)
Оны жағатын тозаққа саламын. (26)
Ол тозақтың не екенін қайдан білдің? (27)
Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. (28)
Ол, адам терісін өртейді. (29)
Оған он тоғыз (періште) қарайды. (30)
Тозақтың күзетшілерін періштелерден ғана қылдық. Сондай-ақ олардың сандарын қарсы келушілерге анық бір сынау қылдық… Өздеріне кітап берілгендер, сенсін. (Олардың кітаптарында да он тоғыз жазылған.) Әрі иман келтіргендердің сенімдері арта түссін. Кітап иелері мен мүміндер күмәнданбасын. Сондай-ақ жүректерінде дерті болғандар мен қарсы болғандар: “Алла, бұл мысалмен нені қалайды?”,- десін. Осылайша Алла, қалағанын адастырып және кімді қаласа, тура жолға салады. Раббың жасақтарының санын өзі ғана біледі. Бұл адамдар үшін бір насихат. (31)
Жоқ олай емес. Айға серт, (32)
Қайтқан сәтте, түнге серт, (33)
Ағарған сәтте, таңға серт. (34)
Шын мәнінде ол тозақ, әрине үлкен оқиғаның бірі. (35)
Адамдар үшін ескерту. (36)
Сендерден ілгері кетуді немесе кейін қалуды қалаған біреулер үшін ескерту. (37)
Әркім істеген ісінің орнына ұсталады. (38)
Бірақ амал дәптері оңынан берілгендер басқа. (39)
Олар жаннаттарда сұрасады! (40)
Қылмыстылардан: (41)
“Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?” (42)
Олар: “Біз намаз оқушылардан емес едік.” (43)
“Әрі міскінді тамақтандырмайтын едік.” (44)
“Бұзықтыққа кірісушілермен бірге кірісіп жүрген едік.” (45)
“Қиямет күнін өтірік деген едік.” (46)
“Өзімізге өлім келгенге дейін” (осындай едік). (47)
Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді. (48)
Ал оларға насихаттан жалтаратын не болды? (49)
Олар мүлде үріккен құлан сияқты, (50)
арыстаннан қашқан… (51)
Жоқ, олардан әрбіреуі өзіне бір ашық нұсқа берілуін қалайды. (52)
Жоқ, олар ақыреттен қорықпайды. (53)
Олай емес. Шын мәнінде Құран бір насихат. (54)
Кім қаласа, одан үгіт алады. (55)
Алла қаламайынша, олар, үгіт ала алмайды. Ол Алла, қорқылуға лайық, жарылқау иесі. (56)