Юнус сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әлиф Ләм Ра. Міне бұлар, терең сырлы Құранның аяттары. (1)
Іштерінен бір кісіге: «Адамдарды қорқыт! Иман келтіргендерді Раббыларының қасында олар үшін жоғары орын барлығын сүйіншіле!»,- деп уахи қылғанымызға бұл адамдар таңырқай ма? Кәпірлер: «Шынында бұл ашық жады» деді. (2)
Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты түнде жаратты. Сонсоң ғаршыны меңгеріп, істі басқарды. Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ. Міне Осы Алла, Раббыларың. Ендеше Оған құлшылық қылыңдар! Сонда да түсінбейсіңдер ме? (3)
Біртұтас барар жерлерің сол тарап. Сондай-ақ Алланың уәдесі хақ. Күдіксіз Ол, бастап жаратады (Жоқтан бар етеді). Сонсоң иман келтіріп, ізгі іс істегендерге әділдікпен сыйлық беру үшін оны қайта тірілтеді. Сондай-ақ кәпірлер үшін қарсы болғандықтары себепті қайнап тұрған судан сусын әрі күйзелтуші азап бар. (4)
Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла, бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін; аяттарын ашық-ашық баян етеді. (5)
Расында түн мен күннің ауысып келуінде және Алланың көктер мен жердегі жаратқан нәрселерінде әрине сақтанатын ел үшін дәлелдер бар. (6)
Расында сондай бізге жолығуларын үміт етпегендер және дүние тіршілігіне мәз болып сонымен көңілдері жай тапқандар, міне солар, аяттарымыздан хабарсыз. (7)
Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ. (8)
Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары, оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады. (9)
Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады. (10)
Егер Алла, адам баласының қайырды, асығыс тілегеніндей; жамандықты да тез берсе еді, әрине олардың ажалдары біткен болар еді. Алайда, бізге кездесуді үміт етпегендерді адасқан бойда қойып қоямыз да, қаңғыра береді. (11)
Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе: жатса да отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады; алайда қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді. (12)
Расында сендерден бұрынғы дәуірдегілердің зұлымдық қылғандықтары және пайғамбарлары келтірген ашық дәлелдерге иман келтірмегендіктері үшін жоқ еттік. Осылайша күнәкар қауымға жаза береміз. (13)
Сонан кейін олардың артынан не істейтіндіктеріңді көру үшін жер жүзінде сендерді орындарына қойдық. (14)
Сондай-ақ оларға аяттарымыз ашық дәлел түрінде оқылған кезде, сондай Бізге кездесуді үміт етпегендер: «Бұдан басқа бір Құран келтір немесе мұны ауыстыр!»,- деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Оны өз тарапымнан өзгертуіме болмайды. Мен өзіме уахи етілгенге ғана еремін. Расында мен, Раббыма қарсы келсем, ұлы күннің азабынан қорқамын» де. (15)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Егер Алла қаласа еді, мен Құранды сендерге оқымас едім де, оны сендерге білдірмес еді. Расында мен бұдан бұрын іштеріңде өмір бойынша болдым. Сонда да түсінбейсіңдер ме?»,- де. (16)
Ал енді Аллаға бір өтірік жала жапсырған не аяттарын жасынға шығарған біреуден кім залымырақ? Шынында күнәкарлар құтылмайды. (17)
Олар, Алладан өзге, өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге шоқынып: «Оларды, Алланың қасында шапағатшымыз» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендер Аллаға, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?»,- де. Алла, олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары. (18)
Адамдар бір-ақ үммет еді, сонсоң олар қайшылыққа түсті. (Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббыңнан бір сөз өткен болмаса еді, таласқан нәрселері турасында әрине араларына үкім берілген болар еді (жазаландырылар еді). (19)
Және олар: «Оған, Раббылары тарапынан бір мұғжиза неге түсірілмейді?»,- дейді. Сонда сен оларға: «Негізінен көмес, Аллаға тән. Сондықтан күтіңдер! Мен де сендермен бірге соны тосамын!»,- де. (20)
Адам баласына бір зиян тигеннен кейін рахметімізді таттырсақ, сол уақытта олардың аяттарымызға байланысты айлакерліктері болады. (Мұхаммед Ғ.С.): «Алла, жазаландыруда өте жылдам» де. Расында елшілеріміз (періштеріміз) істеген сығандықтарыңды жазады. (21)
Ол сондай Алла, сендерді құрылықта, теңізде кездіреді. Хатте сендер кемеде боласыңдар. Кеме, оларды жақсы бір самал арқылы алып бара жатады да, олар онымен мәз болады. Бір боран келіп оларға әр тараптан толқын келгенде, олар, онымен қоршалдық деп ойлаған сәтте; сенімін нағыз Аллаға арнап: «Егер осыдан бізді құтқарсаң шүкір етушілерден болар едік» деп тілейді. (22)
Дегенмен, Алла оларды құтқарған кезде, олар жер жүзінде орынсыз қарсылық істейді. Әй адам баласы! Дүние тіршілігіндегі қарсылықтарыңның зияны өздеріңе ғана. Сонсоң барар жерлерің біз жақ. Сонда сендерге істеген істеріңді білдіреміз. (23)
Шын мәнінде дүние тіршілігінің мысалы: Біз көктен жаудырған жаңбыр тәрізді. Ол арқылы адамдар, малдар жейтін өсімдіктер аралас өсіп, жер жүзі құлпырып зейнеттенген кезде, жер иесі; пайдалануға күшіміз жетеді деп ойлаған сәтте, түнде не күндіз әміріміз келіп, тіпті кеше болмаған тәрізді түбінен орылғанға айналдырдық. Ойланатын қауымға аяттарымызды осылайша айырып баян етеміз. (24)
Алла есендік жұртына (жәннәтқа) шақырады да, қалаған құлын тұп-тура жолға салады. (25)
Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннәттік. Олар онда мәңгі қалады. (26)
Ал сондай жамандық істегендердің жазасы, сондай ғана болады, беттерінде қорлық әсері болады. Оларды, Алладан қорғаушы болмайды. Олардың беттері түннің қараңғылығынан бір бөлім қаптағандай. Солар тозақтық. Олар онда мүлде қалады. (27)
Қиямет күні оларды түгел жинаймыз. Сонсоң мүшріктерге: «Сендер де, Аллаға қосқан серіктерің де орындарыңда тұрыңдар!»,- дейміз. Сонда олардың араларын айырамыз. Олардың серіктері: «Сендер бізге табынбаған едіңдер» дейді. (28)
«Енді сендер мен біздің арамызға куәлікке Алла жеткілікті. Тіпті біздің, сендердің табынғандарыңнан хабарымыз жоқ» дейді. (29)
Сол арада әркім бұрын істеген ісінен сыналады. Сондай-ақ шынайы иелері Алланың құзырына апарылады. Жасама нәрселері олардан ғайып болды. (30)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Сендерді аспаннан, жерден кім ризықтандырады? Құлаққа, көздерге кім ие? Өліден тіріні, тіріден өліні кім шығарады? Әр істі кім игерді?»,- де. Олар: «Алла» дейді. «Ендеше Алладан қорықпайсыңдар ма?»,- де. (31)
Міне осы Алла, шынайы Раббыларың. Шындықтан кейін адасудан басқа не бар? Қалай бұрылып бара жатырсыңдар? (32)
Осылайша бұзақылық істегендерге Раббыңның: «Рас олар иман келтірмейді» деген сөзі ақиқат болды. (33)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Аллаға теңеген серіктеріңнен, тұңғыш жаратып, сонсоң өлтіріп қайта тірілтетін бар ма?»,- де. «Алла, бастапта жаратып, сонан соң қайта тірілтеді. Сонда қайда бұрылып бара жатырсыңдар?»,- де. (34)
«Серіктеріңнен тура жолға салатын бар ма?»,-де. «Алла тура жолға салды. Ал сонда тура жолға салатын Аллаға бағыну лайық па? Жоқ, тура жолға салынбайынша жол таба алмайтын біреуге ме? Сендерге не болды? Қалай (жансақ) үкім бересіңдер?»,-де. (35)
Олардың көбі ой жоруға ғана ілеседі. Расында ой, шындыққа қарағанда түкке тұрмайды. Күдіксіз Алла, олардың істегендерін толық білуші. (36)
Осы Құран, Алладан өзгенікі деп жала жапсыруға болмайды. Ол, алдындағыны растап, Кітапты ашық баян етеді. Әлемдердің Раббы тарапынан екендігіне шәк жоқ. (37)
Олар: «Оны, Мұхаммед өзі сәйкестірді» дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.): «Ондай шыншыл болсаңдар, Алладан өзге кімге шамаларың келсе шақырып, осы тәрізді бір сүре жасап әкеліңдер»,-де. (38)
Олай емес, олар білімі жетпеген сондай-ақ өздеріне мағынасы білдірілмеген нәрсені олар жасынға шығарды. Осылайша, бұлардан бұрынғылар да жасынға шығарған болатын. Енді қарашы! Залымдардың соңы не болды? (39)
Олардан Құранға сенетіндер де бар. Олардан оған сенбейтіндер де бар. Раббың бұзақыларды жақсы біледі. (40)
(Мұхаммед Ғ.С.) егер сені жасынға шығарса: «Менің ісім өзіме тән, сендердің істерің өздеріңе тән. Сондай-ақ сендер менің істегенімнен аулақсыңдар, мен де сендердің істегендеріңнен аулақпын.» де. (41)
Олардан саған құлақ салатын біреулер де бар. Егер олар түсінбейтін болса да, саңырауларға естірте аласың ба? (42)
(Мұхаммед Ғ.С.) олардың саған қарайтын біреулері де бар. Дегенмен көрмейтін көзсіздерді сен тура жолға саласың ба? (43)
Расында Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық қылады. (44)
Оларды жинайтын күні; (дүниеде) күндіз бір-ақ сағат тұрғандай болып, олар бір-бірін таниды. Аллаға жолығуды жасынға шығарып, тура жолға түспегендер зиянға ұшырайды. (45)
(Мұхаммед Ғ.С.) егер оларға уәде еткен бейнеттің кейбірін саған көрсетсек немесе сені (бұрын) дүниеден алсақ та, олардың жиналатын орны біз жақ. Соңында Алла олардың не істегендеріне айғақ. (46)
Әр үмметтің бір пайғамбары бар. Оларға пайғамбарлары келген заман, араларына туралықпен үкім болады. Сондай-ақ олар, зұлымдыққа ұшырамайды. (47)
Олар (кәпірлер): «Егер сендер шыншыл болсаңдар, осы уәде қашан болады» дейді. (48)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың қалауынан басқа өзіме пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Әр үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де ілгерлетілмейді » де. (49)
Маған айтыңдаршы! Алланың азабы сендерге түнделетіп не күндіз келсе, күнәкарлар не нәрсені асығып тілер еді» де. (50)
Азап түскеннен кейін оған иман келтіресіңдер ме? Немесе әзір ме? Расында сендер азапты асығып тілеп едіңдер. (51)
Сонсоң залымдарға: «Мәңгілік азапты татыңдар! Істегендеріңнің ғана сазайын тартасыңдар» делінеді. (52)
Сенен олар: «Бұл шындық па?»,- деп сұрайды. «Әрине Раббыма ант етемін, сөзсіз Ол хақ. Сендер Алланы әлсірете алмайсыңдар» де. (53)
Өзіне зұлымдық істеген әркім жер жүзіндегі нәрселер өзінікі болса, төлеуге беріп, азапты көргенде, іштей өкінер еді. Араларына әділдік пен үкім етіледі. Зұлымдыққа ұшырамайды. (54)
Сақ болыңдар! Расында көктердегі әрі жердегі нәрселер Алланікі. Біліңдер! Алланың уәдесі хақ. Бірақ олардың көбі білмейді. (55)
Ол тірілтеді, өлтіреді. Сондай-ақ Оның алдына қайтарыласыңдар. (56)
Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (57)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Олар, Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де. (58)
«Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, халал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдер ме?»,- де. (59)
Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, қиямет күні туралы ойы не? Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкірлік қылмайды. (60)
(Мұхаммед Ғ.С.) әрқандай бір жағдайда болсаң, Алла тарапынан бір Құран оқысаң және сендер бір іс істесеңдер, әлбетте оған шомған кездеріңде, сендерді көреміз. Сондай-ақ жердегі, көктегі тозаң салмағындай нәрсе Раббыңнан жасырылмайды. Тағы одан кішісі, үлкені ашық бір Кітапта бар. (61)
Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. (62)
Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. (63)
Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне ірі қол жетушілік осы. (64)
(Мұхаммед Ғ.С.) кәпірлердің сөзі сені кейітпесін, Расында бүкіл үстемдік Аллаға тән. Ол әр нәрсені естуші, білуші. (65)
Естеріңде болсын! Расында көктердегі, жердегі әркім Алланың иелігінде. Алладан өзге теңеген серіктеріне шоқынғандар, олар ойларына ғана ілеседі. Сондай-ақ олар ойларынша ғана жорамалдайды. (66)
Ол сондай Алла, сендер үшін түнді демалыс, күндізді жарық қылды. Күдіксіз, осында тыңдайтын ел үшін дәлелдер бар. (67)
Олар: «Алланың баласы бар» десті. Ол, одан пәк. Ол, мұңсыз. Әрине көктердегі әрі жердегі нәрселер Оған тән. Бұған байланысты қастарыңда бір дәлел жоқ. Аллаға қарсы білмеген нәрселеріңді айтасыңдар ма? (68)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Расында сондай Аллаға өтірік жала жапсырғандар, құтылмайды» де. (69)
Олардікі дүниеде ғана пайдалану. Сонсоң олардың қайтар орны біз жақ. Сонан кейін де қарсы болғандықтары себепті қатты азап таттырамыз. (70)
(Мұхаммед Ғ.С.) Оларға Нұх (Ғ.С.) тың әңгімесін оқы. Бір заманда еліне: «Әй елім! Араларыңда тұруым, Алланың аяттарын үгіттеуім сендерге зор келген болса, онда Аллаға тәуекел еттім. Ал енді сендер және серіктерің не істейтіңдеріңде бірлесіңдер. Сонсоң істерің өздеріңе мұң болмасын. Кейін маған мұрса бермей-ақ қолдарыңнан келгенін істеңдер!» деген. (71)
«Ал егер жалтайсаңдар, сендерден жалақы сұрамадым ғой. Менің жалақым Аллаға ғана тән. Сондай-ақ Мұсылмандардан болуға бұйырылдым…» (72)
Сонда олар, оны жасынға шығарды. Сондықтан Нұх (Ғ.С.) ты әрі онымен бірге кемеде болғандарды құтқарып, олардың орындарын бастырдық. Аяттарымызды жасынға шығарғандарды суға батырдық. Ескерту берілгендердің соңының не болғанын көр! (73)
Сонсоң Нұх (Ғ.С.) тан кейін де елдеріне пайғамбарлар жібердік. Оларға ашық мұғжизалар келтірді. Бұрында жасынға шығарғандықтары үшін олар иман келтірмеді. Міне шектен шығушылардың жүректерін өстіп бітейміз. (74)
Сонсоң олардың кейін Мұса мен Һарұн (Ғ.С.) ды Перғауын және сыбайластарына мұғжизалармен жібердік. Олар менменсіп, күнәкар ел болды. (75)
Оларға біз тараптан шындық келген кезде: «Рас осы ашық жады» деді. (76)
Мұса (Ғ.С.): «Сендерге келген ақиқатты сөйтіп айтасыңдар ма? Бұл сиқыр ма? Сиқыршылар құтылмайды» деді. (77)
Олар (Мұса мен Һарұнға): «Ата-бабаларымызды тапқан жолдан бұруға әрі жер жүзінде екеуің ұлық болуға келдіңдер ме? Біз, екеуіңе сенбейміз» деді. (78)
Перғауын: «Бүкіл білген сиқыршыларды маған келтіріңдер» деді. (79)
Ал сиқыршылар келген кезде, Мұса (Ғ.С.): «Не қоймақшы болсаңдар, қойыңдар» деді. (80)
Олар қойғанда, Мұса (Ғ.С.): «Бұл келтіргендерің сиқыр, күдіксіз Алла оны бұзады. Расында Алла бұзақылардың ісін жөндемейді» деді. (81)
«Егер күнәкарлар жақтырмаса да, Алла ақиқатты сөздерімен шынға шығарады.» (82)
Мұса (Ғ.С.) ға, Перғауын мен шонжарларының өздеріне тигізетін кесірінен қорқып, елінен бір топ ғана иман келтірді. Расында Перғауын ол жерде өктем еді. Сондай-ақ ол шектен шығушылардан еді. (83)
Мұса (Ғ.С.) еліне: «Әй елім! Егер Аллаға иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ Мұсылман болсаңдар онда Аллаға тәуекел қылыңдар» деді. (84)
Олар: «Біз Аллаға тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама» деді. (85)
«Сондай-ақ бізді мәрхаметіңмен кәпір қауымнан құтқара көр!…» (86)
Мұса мен оның туысына: «Екеуің Мысырда елдеріңе үйлер салыңдар да үйлеріңді намаз орны қылып, намаз оқыңдар. Онымен қатар мүміндерді сүйіншіле» деп уахи еттік. (87)
Мұса (Ғ.С.): «Раббымыз! Расында Сен Перғауын және оның шонжарларына дүние тіршілігінде зейнет және малдар бердің, жолыңнан адастырулары үшін бе? Малдарын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жан түршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді» деді. (88)
Алла: «Екеуіңнің тілектерің қабылданды. Онда тура жолда болыңдар да, білмейтіндердің жолына ермеңдер!»,- деді. (89)
Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда Перғауын және әскерлері жауыздық, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыр ол суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бой ұсынушылардан болдым» деді. (90)
«Енді ғана сендің бе? Расында сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің…» (91)
«Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз». (92)
Расында Исраил ұрпақтарын жақсы жерге орналастырдық. Сондай-ақ жақсы нәрселермен ризықтандырдық. Оларға білім келгенге дейін қайшылыққа түспеді. Расында Раббың олардың таласқан нәрселері жайында қиямет күні үкім береді. (93)
(Мұхаммед Ғ.С.) егер саған түсіргенімізден күдіктенсең, сенен бұрынғы Кітап оқығандардан сұра. Расында саған Раббыңнан ақиқат келді. Сондықтан күдіктенушілерден болма. (94)
Сондай-ақ Алланың аяттарын жасынға шығарушылардан болма. Онда зиян тартушылардан боларсың. (95)
Расында өздеріне Раббыңның қарғысы лайық болғандар иман келтірмейді. (96)
Сондай-ақ оларға бүкіл мұғжизалар келсе де күйзелтуші азапты көргенге дейін (олар иман келтірмейді). (97)
Юныс (Ғ.С.) тың ғана елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген бір кент болмаған. Олар иман келтірген заманда, өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларды бір мерзімге дейін пайдаландырдық. (98)
(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба? (99)
Алладан бұйрықсыз ешкімнің иман келтіруі мүмкін емес. Алла азапты ақылдарын жұмсамайтындарға береді. (100)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Қараңдар! Көктер мен жерде не бар?»,- де. Сенбейтін қауымға; дәлелдер, ескертулер пайда бермейді. (101)
Олар өздерінен бұрын өткендердің бастарына келген күндер тәріздіні ғана күтеді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Онда тосыңдар! Расында мен де сендермен бірге тосамын!»,- де. (102)
Сонсоң елшілерімізді, иман келтіргендерді құтқарамыз. Осылайша иман келтіргендерді құтқаруымыз бізге міндет. (103)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Менің дінімнен күдікте болсаңдар. Ал онда мен, сендердің Алладан өзге табынғандарыңа табынбаймын; бірақ сендерді өлтіретін Аллаға құлшылық қыламын және иман келтірушілерден болуға бұйырылдым» де. (104)
«Ал бетіңді нағыз бір ыңғай Алланы бірлеу дініне бұр. Серік қатушылардан болма!» (105)
«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Сонда егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боларсың». (106)
(Мұхаммед Ғ.С.) егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол, оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (107)
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан хақ келді. Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін» де. (108)
Саған уахи етілгенге ер. Сондай-ақ Алла бір үкім бергенге сабыр ет. Ол, үкім берушілердің қайырлысы. (109)