Таләқ сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, сонда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және о мерзімді есептеңдер. Раббыларың Алладан қорқыңдар. Оларды үйлерінен шығармаңдар әрі олар да шықпасын. Бірақ олар ашық бір арсыздық істесе, ол басқа. Міне бұл Алланың шектері. Ал кім Алланың шектерінен шықса, расында ол, өзіне қастық қылған болады. Білмейсің, мүмкін Алла, бұл уақиғадан кейін бір жағдай пайда қылар. (1)
Ал қашан олардың мерзімдері жетсе, оларды дұрыстықпен ұстаңдар немесе туралықпен ажыратыңдар. Сондай-ақ өздеріңнен екі әділ кісіні айғақ қойыңдар. Куәлікті Алла үшін толық орындаңдар. Міне осылармен; Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер үшін насихат етіледі. Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. (2)
Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған. (3)
Етеккірден қалған әйелдеріңнен күмәндансаңдар, олардың “ғыддаты” мерзімі үш ай. Және әдет көрмеген әйелдердің мерзімдері де сондай. Ал және жүкті әйелдердің мерзімдері олар босанғанға дейін. Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды. (4)
Міне осы, Алланың сендерге түсірген бұйрықтары. Кім Алладан қорықса, оның жамандығын жояды да сауабын зорайтады. (5)
(Ажырасып, мерзім күткен) әйелдерді шамаларың келгенінше, үйлеріңде тұрғызыңдар. Оларға зорлау үшін түрткі салмаңдар. Егер олар жүкті әйелдер болса, сонда оларға босанғанға дейін нафақа беріңдер. Егер ажыраған әйелдер, сендер үшін бала емзірсе, сонда олардың жалақыларын беріңдер. Өзара дұрыстықпен ақылдасыңдар. Егер (ер аз беріп, әйел көп тілеп) бір-біріңе ауырлық салсаңдар, баланы басқа әйел емзіруге болады. (6)
Кеңшілік иесі бай кісі; өзіне Алланың бергені бойынша нафақа берсін. Алла біреуге оған бергенінен артық жүктемейді. Алла, ауыршылықтан кейін жеңілдік береді. (7)
Қаншалаған кент Раббыларының және елшілерінің әмірінен бас тартты. Сонда оларды қатаң түрде есепке тартып, өздерін жаман азаппен қинағанбыз. (8)
Сонда өз істегендерінің сазайын татты. Негізінен олардың істерінің соңы зиян. (9)
Алла оларға қатты азап әзірлеген. Әй ақыл иелері! Алладан қорқыңдар. Иман келтіргендер, Алла сендерге бір зікір (Құран) түсірді. (10)
Сондай иман келтіріп, жақсы амал істегендерді қараңғылықтардан жарыққа шығару үшін Алла сендерге аяттарын оқитын бір Елші жіберді. Кім Аллаға иман келтіріп, жақсы амал істесе, Алла, оны астарынан өзендер ағатын әрі онда мәңгі қалатын жұмақтарға кіргізеді. Расында Алла, оған нендей көркем несібе берді. (11)
Ол сондай Алла, жеті көкті жаратқан және жерді де солар сияқты жаратқан. Күмәнсыз Алланың әр нәрсеге күші толық жететіндігін білулерің үшін әмірлері жер мен көктің арасына түсіп тұрады. Сондай-ақ Алланың білімі әр нәрсені ішіне алады. (12)