Мунафиқун сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(Мұхаммед Ғ.С.) саған мұнафықтар келген кезде: “Сені, анық Пайғамбар деп айғақ боламыз” деді. Сенің хақ Пайғамбар екеніңді Алла біледі. Сондай-ақ Алла (Т.) расында мұнафықтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді. (1)

Олар анттарын қалқан етеді де Алланың жолынан тыяды. Күмәнсыз олардың істегендері нендей жаман. (2)

Міне расында олар, иман келтіріп, кейін қарсы келгендіктерінің салдарынан жүректері бітелген. Енді олар, түсінбейді. (3)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларды көрген кезде, тұлғалары сені таңырқатады. Олар сөйлесе, сөздерін тыңдайсың. Олар, бейне, қаланған қуыс дөңбек сияқты. Сондай-ақ олар, әрбір шыққан дауысты өздеріне жориды. (Өз қылықтарынан үрейленеді.) Олар дұшпан. Сондықтан олардан сақтан. Оларды Алла типыл қылсын. Қайда адасып, бара жатыр? (4)

Егер оларға: “Келіңдер, Алланың Елшісі сендерге жарылқау тілесін” делінсе, олардың бастарын шайқағанын көресің. Олар бет бұрып, тәкаппарланады. (5)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар үшін жарылқау тілесең де тілемесең де бәрі бір. Оларды Алла жарылқамайды. Алла (Т.) бұзақы елді тура жолға салмайды. (6)

Олар: “Алланың Елшісінің жанындағы кісілерге еш нәрсе бермеңдер, олар тарқап кетсін” дейді. Негізінде көктер мен жердің қазынасы Аллаға тән. Бірақ мұнафықтар ұқпайды. (7)

Ол мұнафықтар: “Егер соғыстан қайтып, Мәдинаға барсақ; ол жерден ардақтылар, ынжықтарды әлбетте шығарады” дейді. Негізінде ғиззат Аллаға, Елшісіне әрі Мұсылмандарға тән. Бірақ мұнафықтар білмейді. (8)

Әй мүміндер! Сендерді малдарың, балаларың Алланы еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар, зиян тартушылар. (9)

Сендерден біреулеріңе өлім келіп: “Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең де садақа беріп, ізгілерден болсам” деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден тиісті орынға жұмсаңдар. (10)

Қашан біреудің ажалы келсе, Алла, оны әсте кешіктірмейді және Алла, істегендеріңді толық біледі. (11)