Фатыр сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Көктерді және жерді жасаған сондай-ақ екі, үш және төрт қанатты періштелерді елші қылған Алла (Т.) ға барлық мақтау лайық. Ол, жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші. (1)
Алла (Т.) ның адам баласына берген мәрхаметін тосушы жоқ. Алланың тосқан нәрсесін артынан жіберуші жоқ. Ол аса үстем, тым хикмет иесі. (2)
Әй адам баласы! Алла сендерге берген ырысын еске алыңдар: Сендерге көктен, жерден несібе беретін бір жаратушы бар ма? Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Сонда қалай тентіреп, бара жатырсыңдар? (3)
(Мұхаммед Ғ.С.) олар сені жасынға шығарса, расында сенен бұрынғы елшілер де жасынға шығарылған еді. Барлық іс Аллаға қайтады. (4)
Әй адам баласы! Сөз жоқ, Алланың уәдесі хақ. Ендеше дүние тіршілігі сендерді әсте алдамасын. Сондай-ақ аса алдағыш та сендерді Алла туралы алдамасын. (5)
Шәксіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады. (6)
Сондай қарсы болғандар, оларға қатты азап бар. Ал иман келтіріп, оң іс істегендер, олар үшін жарылқау әрі ірі сыйлық бар. (7)
Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсы көрген біреу (жақсымен тең бе?) Алла қалағанын адастырып, қалағанын тура жолға салады. Ендеше (Мұхаммед Ғ.С.) оларға қайғырып, өзіңді жойма. Әрине Алла, олардың қылған істерін толық біледі. (8)
Ол сондай Алла, желдерді жіберіп, сонда ол; Бұлтты қозғап, оны өлі бір жерге айдаймыз. Және жаңбыр арқылы жансыз қалған жерді қайта жандандырамыз. Өліктің тірілуі де осы сияқты. (9)
Кім кұрмет көксесе, негізінде бүкіл кәдір-құрмет Аллаға тән. Көркем сөз Алла жаққа шығады. Сондай-ақ жақсы амал оны көтереді. Ал сондай жамандықтың тәсілін істегендер, олар үшін қатты азап бар. Олардың тәсілдері ол, өзінен-өзі жоқ болады. (10)
Алла (Т.) сендерді топырақтан сосын мәниден жаратып, кейін сендерді жұп-жұп қылды. Ешбір ұрғашы Алланың білімінен тыс жүкті болмайды да, тумайды. Алланың Кітабында жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды. Әрине бұл Аллаға оңай. (11)
Екі теңіз тең емес. Бұл – тәтті, шөл қандырады, ішілуі сүйкімді. Ол – тұзды, ащы. Әрбірінен жас ет (балық) жейсіңдер әрі тағатын сәндік-бұйымдар (інжу-маржан) шығарасыңдар. Сондай-ақ Алланың кеңшілігінен несібе іздеу үшін; кеменің теңізде суды жарып бара жатқанын көресің. Әрине шүкір етерсіңдер. (12)
Ол Алла, түнді күндізге кигізіп, күндізді де түнге кигізеді. Сондай-ақ ай мен күнді игерді. Бәрі де белгілі бір мерзімге дейін жүріп тұрады. Біртұтас осылар, Раббыларың Алланікі. Иелік Соған тән. Одан өзге табынғандарың бір ұрық қабығына да ие емес. (13)
Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Мүбада олар естісе де сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандықтарыңнан танады. Толық хабар беруші Алладай саған ешкім түсіндірмейді. (14)
Әй адам баласы! Аллаға мұқтажсыңдар. Алла (Т.) Ол, әр нәрседен мұңсыз, өте мақтаулы. (15)
Қаласа сендерді жоқ етеді де, жаңа ел әкеле алады. (16)
Я, бұл Аллаға қиын емес. (17)
Ешбір күнәкар, басқаның күнәсын көтермейді. Күнәсы ауыр болған біреу көтеруге шақырса, егер жақыны болса да оған еш нәрсе жүктелмейді. (Мұхаммед Ғ.С.) шын мәнінде Раббыларынан көрмей-ақ қорыққандарды, намазды орындағандарды ғана үгіттей аласың. Ал кім күнәдан тазарса, өзі үшін тазарады. Және барар жері Алла жақ. (18)
Соқыр мен көруші тең емес. (19)
Қараңғылық пен жарық тең емес. (20)
Көлеңке мен ыстық тең емес. (21)
Тірілер мен өліктер тең емес. Рас Алла (Т.) әлде кімді қаласа, естіртеді. (Мұхаммед Ғ.С.) сен, қабірлердегі біреулерге естірте алмайсың. (22)
Сен, бір ескертуші ғанасың. (23)
Сөз жоқ, сені шындықпен қуантушы, қорқытушы етіп жібердік. Негізінде бір ескертуші болмаған бір үммет жоқ. (24)
Егер сені жасынға шығарса, расында бұлардан бұрын мұғжизалар, нұсқаулар және нұрландырушы Кітап келтірген пайғамбарларды да жасынға шығарған. (25)
Сосын қарсы келгендерді қолға алдым. Сонда соққым қалай екен! (26)
Шын Алланың көктен жаңбыр жаудырғанын көрмейсің бе? Сонда онымен түрлі-түсті жемістер шығардық. Сондай-ақ таулардан да ақ, қызыл әрі қап-қара түрлі-түсті жолақтарды көрмейсің бе? (27)
Адамдардан, құрт-құмырсқа және ірі жәндіктерден түрлі-түстегілер осындай. Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары; Алладан қорқады. Рас Алла өте үстем, аса жарылқаушы. (28)
Әрине Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгемейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. (29)
Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, өте жарылқаушы, аса қадыр білуші. (30)
(Мұхаммед Ғ.С.) сондай саған біз уахи еткен Құран, ол хақ. Алдынғыны растаушы. Әрине Алла, құлдарынан анық хабар алушы, тым қырағы. (31)
Сосын ол Кітапты құлдарымыздан таңдағанымызға мұра қылдық. Және олардан әлде кім өзіне кесір тигізеді де кейі ортада болады. Ал тағы біреулері, Алланың бұйырығынша жақсылықтарға ілгерлеуші болады. Міне осы, ұлы мәрхамет. (32)
Олар, ғадын жаннаттарына кіреді. Онда алтын және інжу білезіктермен безенеді де олардың онда киімдері жібектен болады. (33)
Олар: “Барлық мақтау бізден қайғыны жойған Алла (Т.) ға лайық. Әрине Раббымыз аса жарылқаушы, қадыр білуші” дейді. (34)
“Ол өз кеңшілігінен бізді тұрақты орынға орналастырды. Бізге бұл жерде шаршау да жалығу да болмайды” (деп бата қылады). (35)
Ал енді қарсы келушілер үшін тозақ оты бар. Оларға өлім үкімі берілмейді. Олардан азап жеңілдетілмейді. Әрбір қарсы келушілерді өстіп жазалаймыз. (36)
Олар тозақта: “Бізді тозақтан шығар! Істеген амалдарымыздан басқа жақсы амал істейік” деп шыңғырады. “Сендерге; үгіт алғысы келген кісі, үгіт алатын өмір бермедік пе? Әрі сендерге ескертуші де келген еді. Енді татыңдар залымдар үшін ешбір көмекші жоқ” (делінеді). (37)
Әрине Алла (Т.) көктер мен жердің көмесін біледі. Шәксіз Ол, көңілдердегіні де біледі. (38)
Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды. Сонда кім қарсы келсе, қарсылығының обалы өзіне. Қарсы болушылардың қарсылығы Раббыларының ызасынан басқаны арттырмайды әрі қарсы болушылардың қарсылығы зиянды ғана арттырады. (39)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Алладан басқа табынған ортақтарыңды көрдіңдер ме? Маған көрсетіңдерші. Олар, жер жүзінде не жаратты? Немесе олардың көктерде бір одақтығы бар ма? Не Біз оларға кітап беріп, олар бір дәлел үстінде ме? Жоқ олай емес. Залымдар бірін-бірі алдауды ғана уәде етеді” де. (40)
Рас Алла (Т.) көктер мен жерді бұлжытпай ұстайды. Мүбада екеуіне бір зауал болса, Одан кейін оны ешкім ұстап тұра алмайды. Шәксіз Ол, тым жұмсақ, аса жарылқаушы. (41)
Олар, өздеріне ескертуші келсе, әлде бір үмметтен көрі тағы туралықта болатындықтарына Аллаға шынымен ант қылған. Бірақ, оларға ескертуші келген заман, олардың жиренулерін ғана қоздырды. (42)
Олар жер жүзінде паңсып жаман тәсіл жасады. Негізінде айлакерліктің кесірі иесіне ғана болады. Олар, бұрынғылардың жолынан басқаны күте ме? (Олардың басына келгенді ғана күтеді.) Алланың жолынан әсте бір өзгеріс таба алмайсың да Алланың жолынан бір бұрылыс көре алмайсың. (43)
Олар, жер жүзінде кезбей ме? Сонда олар, өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын көрер еді. Тіпті олардың күші, бұлардан артық еді. Көктердегі және жердегі нәрселер Алланы осалдата алмайды. Шексіз Ол, толық білуші, аса күшті. (44)
Егер Алла (Т.) адам баласын қылықтары себепті қолға алатын болса, жер жүзінде ешбір жәндік қалдырмас еді. Бірақ оларды белгілі бір мерзімге дейін кешіктірді. Қашан олардың мезгілі жетсе, сонда Алла құлдарын толық көреді. (45)