Исра сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Құлын (Мұхаммед Ғ.С. ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Ақсаға апарған Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші. (1)
Мұса (Ғ.С.) ға Кітап бердік те оны Исраил ұрпақтарына: “Менен өзгені ие тұтпаңдар!”,-деп жолбасшы қылдық. (2)
Әй Нұх (Ғ.С.) пен бірге (кемеге) түсіргендеріміздің ұрпақтары! Күдіксіз ол, шүкір етуші бір құл еді. (3)
Кітапта Исраил ұлдарына: “Әрине жер жүзінде екі рет бұзғыншылық қылып, өте тәкаппарланасыңдар” деп ескерттік. (4)
Екі уәденің алғашқысы келген кезде, оларға, қатты жауынгер құлдарымды жібердік те олар үйлердің араларына дейін кірді. Бұл орындалатын уәде еді. (5)
Сонсоң сендерді оларға үстем қылдық. Әрі сендерді малдар, балалар арқылы қуаттап, сан жағынан да молайттық. (6)
Егер игілік істесеңдер, өздерің үшін; Жамандық істесеңдер тағы өздеріңе тән. Екінші уәделі мезгіл келген кезде; беттеріңді бұзып, қынжылту үшін және алғашқы кіргендеріндей Месжід Ақсаға кіріп, тас талқан қылулары үшін (жібердік). (7)
Мүмкін Раббыларың мәрхамет етер. Егер қайталасаңдар, Біз де қайта жазалаймыз. Сондай-ақ жаһаннамды кәпірлерге зіндан қылдық. (8)
Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді. (9)
Рас ақыретке сенбегендер үшін күйзелтуші азап әзірледік. (10)
Адам баласы жамандықты жақсылық тілегендей тілейді. Негізінен адам баласы тым шыдамсыз. (11)
Күн мен түнді екі белгі жасадық. Сонда түн белгісін кетіріп, күндізді; Раббыларыңның кеңшілігінен несібе іздеулерің және жылдардың санын; заманның есебін білулерің үшін жарық қылдық. Сондай-ақ әр нәрсені ашық баян еттік. (12)
Әр адамның қылығын мойнына қоямыз. Сондай-ақ қиямет күні оның кітабын шығарамыз. Оған ашылған түрде кездеседі. (13)
“Кітабыңды оқы. Бүгін есеп беру тұрғысынан өз-өзіңе жетесің” (делінді) (14)
Кім тура жолда жүрсе, шын мәнінде өзі үшін тура жолда жүреді. Ал кім адасса, сонда ол өз зиянына ғана адасады. Ешкім басқаның күнәсін көтермейді. Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз. (15)
Қашан бір өлкені жоқ еткіміз келсе, олардың дәулет мастарына әмір етеміз. Сонда олар оған қарсы келеді. Сондықтан оларға деген сөз (үкім) шындыққа айналады. Сөйтіп оларды негізінен жоқ етеміз. (16)
Нұх (Ғ.С.) тан соң ғасырлар бойы қаншалағанды жоқ еттік. (Мұхаммед Ғ.С. ) Раббың құлдарының қылмыстарын білу, көруде жетіп асады. (17)
Кім дүниені қаласа, Біз де қалаған кісімізге дүниеде қалағанымызды береміз Сонсоң оны жаһаннамға саламыз. Ол, оған қорланып, мәрхаметке зақ болған түрде кіреді. (18)
Ал кім мүмін болған түрде, ақыретті қалап, сол үшін тырысса, міне солардың тырысулары шүкірге (қабылдануға) лайық. (19)
(Мұхаммед Ғ.С.) дүние тілеген бұларға да ақырет тілеген оларға да Раббыңның мәрхаметінен береміз. Негізінен Раббыңның берері тыйылмайды. (20)
Олардың кейбіреулерін, кейбіреулерінен қалайша үстем қылғанымызға қара! Әрине ақырет, дәрежелер тұрғысынан тағы ірі, артықшылық жағынан да тағы зор. (21)
Алламен бірге басқа тәңір жасама! Онда қорланған түрде отырып қаласың. (22)
Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. (23)
Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!”,-де. (24)
Раббыларың іштеріңдегі нәрселерді жақсы біледі. Егер игілерден болсаңдар, негізінде Алла, бойсұнушыларды жарылқайды. (25)
Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап қылмаңдар. (26)
Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббыңа өте қарсы. (27)
Раббыңның мәрхаметін іздеп, үміт еткен түрде жалтақтасаң, (қолыңда болмағандықтан бере алмасаң) онда оларға сыпайы сөйле. (28)
Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң болма да бір-ақ берме). Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың. (29)
Шынында Раббың қалаған кісісіне несібесін кеңітіп, тарылтады. Күдіксіз Ол құлдарынан толық хабар алушы, көруші. (30)
Бір де кедейшіліктен қорқып, баларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз. Расында оларды өлтіру зор қателік. (31)
Зинаға жоламаңдар. Өйткені, Ол анық арсыздық және жаман жол. (32)
Алла, арам еткен кісіні өлтірмеңдер! Бірақ тиісті болса өлтіріледі. Ал біреу жазықсыз өлтірсе, сонда өліктің иесін ерікті еттік. Өлтіруде шектен аспасын. Өйткені, оған жәрдем етіледі (өш әперіледі). (33)
Жетімнің малына жоламаңдар. Бірақ ол, ержеткенге дейін жақсылап шығысуға болады. Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады. (34)
Өлшегенде тура өлшеп, тура таразымен тартыңдар! Осы қайырлы нәтиже тұрғысынан да жақсы. (35)
Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады. (36)
Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың. (37)
Осы барлық жаман нәрселер, Раббыңның қасында жек көрілген. (38)
(Мұхаммед Ғ.С.) міне осы, Раббыңның саған уахи еткен хикметінен; Алла мен бірге басқа тәңір жасама: Сөгіс берілген, мәрхаметтен қуылған түрде тозаққа тасталасың. (39)
Раббыларың сендерге ұлдарды арнап, өзіне періштелерден қыз етіп алды ма? Шынында әлбетте ауыр сөз сөйлейсіңдер. (40)
Расында бұл Құранды насихат үшін қайта-қайта баян еттік. Дегенмен олардың жиреніштерін ғана арттырды. (41)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Егер Алла мен бірге олардың айтқандарындай тәңір болса еді, онда әрине ғаршының иесіне бір жол іздер еді. (42)
Алла (Т.) олардың айтқан нәрселерінен пәк, үстем, ірі. (43)
Жеті көк және жер, сондай-ақ ондағы болғандар, Аланы пәктейді. Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар. Шынында Алла өте жұмсақ, аса жарылқаушы. (44)
(Мұхаммед Ғ.С.) сен қашан Құран оқысаң сенімен ақыретке сенбегендердің арасына көмес бір перде жасаймыз. (45)
Олардың жүректеріне Құранды түсінулеріне кедергі және құлақтарына қаға беріс жасадық. Құранда Раббыңды бір ғана деп еске алған кезіңде, олар жирен түрде арттарына бұрылып кете береді. (46)
Біз, олар сені тыңдағанда, қайтып тыңдағандарын және өзара сыбырласқанда залымдардың: “Сендер, жадыланған біреуге ғана ілесесіңдер” дегендіктерін жақсы білеміз. (47)
Қара! Олар қандай мысалдар берді (ақын, сиқыршы, бақсы, жынды деді). Олар, сөйтіп адасты. Олар енді жол таба алмайды. (48)
Олар: “Біз, сүйектер және қоқыс болған кезде, жаңа бір жаратылыспен қайта тірілеміз бе?”,-деді. (49)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Тас болыңдар” де. (50)
“Әлде тіпті ойларыңдағы ең зор жаратылыс болыңдар (қайта тірілтілесіңдер). ”Сонда олар: “Бізді кім қайта тірілтеді?”,-дейді. “Жақында болатын шығар” де. (51)
Сендерді шақырған күні, Оны дәріптей қабылдап, (қабірде) аз ғана жаттық деп ойлайсыңдар. (52)
Құлдарыма айт! “Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені, шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адамдар үшін ашық дұшпан”. (53)
Раббыларың сендерді жақсы біледі. Қаласа, мәрхамет етеді де қаласа, азап етеді. Сені оларға қорғаушы етіп, жібермедік. (54)
Раббың көктер мен жердегі әркімді жақсы біледі. Расында пайғамбардың біреулерінен, біреулерін артық қылдық. Сондай-ақ Дәуітке Зәбүрді бердік. (55)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Алладан өзге (тәңір деп) ойлағандарыңды шақырыңдар. Олардың, қиыншылықтарыңды айықтыруға, сендерден бұрып, жіберуге шамалары келмейді” де. (56)
Олардың сиынғандары; Раббыларына қайсылары жақын боламыз деп, құлшылық арқылы ізденеді. Рахметінен үміт етіп, азабынан қорқады. Негізінде Раббыңның азабы сескенуге тиісті. (57)
Біз қиямет күнінен бұрын жоқ етпеген немесе қатты азапқа ұшыратпаған ешбір кент болмас. Бұлар, Кітапта (Лаухыл Махфұзда ) жазулы. (58)
Біздің мұғжизалар жібермеуіміз бұрынғылардың мұғжизаны жасынға шығаруы ғана болды. Сондай-ақ Сәмүд еліне көрнеу түрде аруана жібердік. Бірақ оған зұлымдық қылып, өлтірді. Негізінде мұғжизаларымызды үрейлендіру үшін ғана жібереміз. (59)
(Мұхаммед Ғ.С. ) бір кезде саған: “Негізінде Раббың адамдарды баураған” деген едік. Саған Миғражда біз көрсеткенді және Құрандағы қарғалған ағашты адамдарға бір сынақ қылдық (өйткені, Миғраж уақиғасына да, тозақтағы Заққұм ағашына да сенбеген). Оларды қорқытуымыз, зор қателесуді ғана арттырады. (60)
Сол уақытта періштелерге: “Адамға сәжде қылыңдар!”,-дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс сәжде қылмай: “Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба?”,-деді. (61)
Ібіліс: “Осы, менен ардақты қылғаныңды көрдің бе? Егер мені қиямет күніне дейін кешіктірсең, әлбетте ұрпақтарыңның өте азынан басқасын қырыма бір аламын” деді. (62)
(Алла): “Кет! Енді олардан кім саған ерсе, сонда рас жазаларың жаһаннам болады. Толық бір жаза” деді. (63)
“Олардан шамаң келгенін даусыңмен әуліктір. Және оларға, атты, жаяу түрде келіп, байбаламдап, дүрліктір. Сондай-ақ олардың малдарына, балаларына (арамдық араластырып) ортақ бол. Оларға жалған уәде бер.” Негізінде шайтан оларға алдаудан басқа уәде бере алмайды. (64)
“Шынайы құлдарым болса, оларға ықпалың жүрмейді. Раббым уәкілдікте жетік.” (65)
Раббыларың сондай Алла; өзінің кеңшілігінен несібе іздеулерің үшін теңізде кеме жүргізеді. Өйткені, Ол, сендерге өте мейірімді. (66)
Сендер теңізде бір қиыншылыққа душар болған сәтте, Алладан басқа сиынғандарың жоқ болады. Ал енді сендерді құтқарып, қырға шығарса, жалт бересіңдер. Негізінде адам баласы тым нәсүкір. (67)
Алланың құрылықта да сендерді жерге жұттыруынан немесе сендерге тасты боран жіберуінен қауіпсізсіңдер ме? Соңыра өздеріңе бір болысушы таба алмайсыңдар. (68)
Не сендерді қайтадан теңізге қайтарып, қарсылықтарыңның салдарынан бір құйын жіберіп, суға батыруынан бейбітсіңдер ме? Сонда сендерге болысып, бізді қуалаушы таба алмайсыңдар. (69)
Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық. (70)
(Мұхаммед Ғ.С.) бір күні бүкіл адам баласын бастықтарымен бірге шақырамыз. Сонда кімнің кітабы оңынан берілсе, міне солар, кітаптарын оқиды. Оларға қылдай қиянат болмайды. (71)
Бұл дүниеде шындықты көрмегендер, ақыретте соқыр әрі жолдан адасқан болды. (72)
(Мұхаммед Ғ.С.) олар сені, саған уахи еткенімізден басқа нәрсені, бізге жала жапсыртып бұзуға жақындады. Сол уақытта олар, сені дос тұтады. (73)
Егер біз сені бекемдемесек еді, әрине оларға біраз бейімдеуге жақындар едің. (74)
Егер ондай болса, саған тіршілікте де, қайтыс болғаннан кейін де әлбетте еселеп азап таттырар едік. Сосын өзіңе, бізге қарсы жәрдемші таба алмас едің. (75)
(Мұхаммед Ғ.С.) олар сені, түрткі салып, жерден (Меккеден) шығара жаздады. Сонда олар, сенен кейін өте аз тұрады. (76)
Расында сенен бұрын жіберген елшілерімізде де жол осы еді (елшілерді қуғандар, опа таппаған еді). Біздің жолымызда ешбір өзгеріс таппайсың. (77)
Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және жашыйық намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады. (78)
(Мұхаммед Ғ.С.) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі. (79)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Раббым! Мені (кірер жеріме) шындықпен кіргіз де (шығар жерімнен) шындықпен шығар. Әрі маған өз қасыңнан жеңіс көмек ет” де. (80)
“Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, бекер нәрселер жойылады” де. (81)
Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі. (82)
Біз адам баласына нығмет берген кезде, жалтайып, бір жағына қыңырайып алды. Қашан оған бір сәтсіздік жетсе, мүлде күдер үзеді. (83)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Әркім өз жөн көргенін істейді. Сонда Раббың, кімнің тура жолда екенін жақсы біледі” де. (84)
(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: “Ол, Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді” де. (85)
Әрине қаласақ, саған уахи еткен Құранды алып алар едік. Кейін Бізге қарсы бір жар таба алмас едің. (86)
Бірақ Раббыңның мәрхаметі бойынша қалдырдық. Өйткені, саған, Раббыңның кеңшілігі тым зор. (87)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды” де. (88)
Расында Біз бұл Құранда адам баласы үшін әр нәрсенің мысалын ашалап, баян еттік. Сонда да адамдардың көбі, бас тартып, мүлде қарсы келді. (89)
Олар: “Бұл жерден сен бізге, бастау ағызғанға дейін саған әсте сенбейміз” деді. (90)
“Немесе сенің құрмадан, жүзімнен бір бақшаң болсын. Сонда оның араларынан өзендер ағызып қоярсың”. (91)
“Не ойлағаныңдай аспанды үстімізге кесек түрінде түсірерсің. Яки Алланы, періштелерді бетпе-бет келтірерсің.” (92)
“Не болмаса, алтыннан бір үйің болсын. Яки аспанға шығарсың. Сонда да бізге оқитын бір Кітап түсірмейінше, көкке шыққандығыңа әсте сенбейміз” деді. (Мұхаммед Ғ.С.): “Раббымды пәктеймін! Мен бір адам баласы Пайғамбар ғанамын” де. (93)
Адам баласына Пайғамбар, тура жол (Құран) келтірген кезде, олардың: “Алла адамды пайғамбар қылып, жіберді ме?”, – деген сөздері ғана иман келтірулеріне бөгет болды. (94)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Егер жер жүзінде бейбіт жүргендер, періштелер болса еді, әрине оларға көктен періште елші жіберер едік” дегенді айт. (95)
Оларға: “Алла сендер мен менің арамда куәлік тұрғысынан жетіп асады. Шын мәнінде Ол, құлдарынан толық хабар алушы, аса қырағы” де. (96)
Алла кімді оңғарса, сонда ол тура жолда. Алла кімді адастырса, оған Алладан өзге жәрдемші таба алмайсың. Біз оларды қиямет күні, бетімен жер басқан, сақау және саңырау түрде жинаймыз. Орындары тозақ, толастаған сайын оларға жалынын арттыра түсеміз. (97)
Бұл олардың сазайы. Өйткені, олар аяттарымызға қарсы келді. Және: “Біз сүйектер тіпті қоқым топырақ болып кеткен кезде; жаңадан жаратылып, тірілеміз бе?”, – деді. (98)
Олар шынында көктер мен жерді жаратқан Алланың; өздері сияқтыларды да жаратуға күші жететіндігін көрмей ме? (Алла) олар үшін бір белгілі мерзім жасаған; онда әсте шек жоқ. Сонда да залымдар бас тартып, мүлде қарсы келді. (99)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Егер сендер Раббымның рахметінің қазынасына ие болсаңдар, сол уақытта да оның жұмсалып кетуінен қорқып, әрине үнемшілік істер едіңдер. Өйткені, адам баласы тым сараң” де. (100)
Расында Мұса (Ғ.С.) ға тоғыз ашық мұғжиза берген едік. (Мұхаммед Ғ.С.) Исраил ұрпақтарынан сұра: Мұса оларға келген кезде, Перғауын: “Әй Мұса! Әрине сені сиқырлаған деп ойлаймын” деген еді. (101)
Мұса (Ғ.С.): “Расында сен бұлардың; көктер мен жердің Раббы түсірген көрнеу мұғжизалары бар екенін білесің. Әй Перғауын? Шын мәнінде мен, сені типыл болады деп ойлаймын”, – деген еді. (102)
Ақыр (Перғауын) Исраил ұрпақтарын мемлекеттен шығарғысы келді. Сонда оны, онымен бірге болғандарды суға батырып жібердік. (103)
Одан кейін Исраил ұрпақтарына: “Бұл жерге (Мысырға) орналасыңдар. Қашан қиямет уәдесі келсе, сендерді жинап әкелеміз” дедік. (104)
Біз Құранды шындықпен түсірдік. Ол, шындық бойынша түсті. (Мұхаммед Ғ.С.) сені қуанту, ескерту үшін ғана жібердік. (105)
Біз Құранды адамдарға тоқырап оқуың үшін бөлімдерге айырып, аз-аздап түсірдік. (106)
“(Мұхаммед Ғ.С.): Құранға мейлі сеніңдер мейлі сенбеңдер; бұдан бұрын өздеріне ғылым берілгендер, оларға Құран оқылған заман, етпеттерінен сәждеге жығылады. (107)
Олар: “Раббымызды пәктейміз. Әрине Раббымыздың уәдесі орындалады” дейді. (108)
Олар жылап, етпеттерінен түседі. Бұл олардың ықыласын арттырады. (109)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Мейлі Алла деп немесе Рахман деп атаңдар. Қайсысымен атасаңдар да ең көркем аттар Оған тән” де. Намазда жариялап та, құпиялап та оқыма да осының арасындағы жолды ұста. (110)
“Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған сондай-ақ әлсіздіктен көмекшісі болмаған Аллаға лайық” де. Және Оны, өте ұлықта. (111)