Тәғабун сүресі |
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Көктердегі және жердегі нәрселер Алланы дәріптейді. Патшалық Оған тән, мақтау Оған лайық. Сондай-ақ Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (1)
Ол сондай сендерді жаратқан Алла. Сонда кейбіреулерің қарсы келесіңдер де кейбіреулерің иман келтіресіңдер. Алла істеген істеріңді толық көруші. (2)
Көктер мен жерді хақиқат бойынша жаратты. Ол, сендерді бейнелегенде көркем бейнелеген. Әрі қайтар жерлерің Сол жақ. (3)
Ол, көктер мен жерде болған нәрселерді біледі. Сондай-ақ жасырғандарыңды да әшкерелегендеріңді де біледі. Әрі көкіректегілерді толық біледі. (4)
Сендерге бұрынғы қарсы болғандардың әңгімесі келмеді ме? Олар істегендерінің жазасын татты. Олар үшін тағы күйзелтуші азап бар. (5)
Бұл, өздеріне пайғамбарлары ашық дәлелдермен келгенде: “Бізді адам тура жолға сала ма?”,- деп қарсы шығып, бет бұрғандықтарының салдарынан. Алла, оларға мұқтаж емес екендігін көрсетті. Өйткені, Алла, мұңсыз, мақтауға лайық. (6)
Сондай қарсы болғандар, әсте қайта тірілмейміз деп ойлайды. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Жоқ, Раббыма ант етемін. Әлбетте өлгеннен кейін қайта тірілесіңдер. Сосын сендерге не істегендерің түсіндіріледі. Осылар Аллаға оңай” де. (7)
Ендеше Аллаға, Елшісіне және Біз түсірген нұрға иман келтіріңдер. Алла (Т.) істегендеріңді толық біледі. (8)
Жиналатын күні; ол күні, сендерді жинайды. Міне сол, кімнің алданғаны ортаға шығатын күн. Кім Аллаға иман келтіріп, ізгі іс істесе; Алла оның жамандығын жояды да оны астарынан өзендер ағатын пейіштерге кіргізеді. Онда олар мәңгі қалады. Осы зор қол жеткендік. (9)
Сондай қарсы келіп, аяттарымызды жасынға айналдырғандар; міне солар, тозақтық болып, онда мәңгі қалады; нендей жаман орын. (10)
Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды. Ал және кім Аллаға иман келтірсе, оның жүрегін түзейді. Алла барлық нәрсені толық білуші. (11)
Аллаға да бой ұсыныңдар әрі Елшісіне де бағыныңдар. Егер бет бұрсаңдар, Елшімізге насихат ету ғана міндет. (12)
Алла бар. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Сондықтан мүміндер, Аллаға тәуекел етсін. (13)
Әй мүміндер! Сөзсіз әйелдеріңнен балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындар да бар. Олардан сақсыныңдар. Егер оларды кешірім етсеңдер, шығыссаңдар, жарылқасаңдар, шәксіз Алла, өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (14)
Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасындағы. (15)
Сондықтан шамаларың келгенінше Алладан қорқыңдар. (Әмірлерін) тыңдаңдар, бой ұсыныңдар. Сондай-ақ тиісті орындарға мал жұмсаңдар; сендер үшін қайырлы болсын. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақсынса, міне олар, құтылушылар. (16)
Егер, Аллаға көркем қарыз берсеңдер (тиісті орынға мал сарып қылсаңдар), оны сендер үшін неше есе арттырады әрі сендерді жарылқайды. Алла шүкірлікті бағалаушы, өте жұмсақ. (17)
Көместі де көрнеуді де білуші. Үстем, хикмет иесі. (18)