А’раф сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Мим Сад. (1)

(Мұхаммед Ғ.С.) Бұл саған түсірілген бір Кітап. Сондықтан көңліңде кірбеңдік болмасын. Бұл арқылы ескертуің, мүміндерге үгіт үшін. (2)

Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да Одан өзгені дос тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар! (3)

Қаншалаған кентті жоқ еттік. Сонда оларға азабымыз түнделетіп немесе түскі дем алыста келді. (4)

Оларға азабымыз келген сәтте: «Біз рас залымдар болдық» деп қана айғайлау болды. (5)

Өздеріне елші жіберілгендерді сұраққа тартамыз әрі елшілерді де сұраққа тартамыз. (6)

Әрине оларға біліп баян етеміз. Негізінде оларға жасырын емеспіз. (7)

Ол күнгі таразылау шындық. Сонда кімнің таразысы (жақсылықта) ауыр тартса, міне солар құтылушылар. (8)

Және кімнің таразысы жеңіл тартса, аяттарымызға орынсыздық еткендіктері себепті зиян қылды. (9)

Расында сендерді жер жүзіне орналастырып өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер. (10)

Расында сендерді жаратып сонан кейін бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ Ібіліс сәжде етпеді де сәжде етушілерден де болмады. (11)

(Алла Ібіліске): «Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» деді. Ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың» деді. (12)

(Алла): «Онда ол жерден түс. Онда сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, қор болушылардансың» деді. (13)

(Ібіліс): «Қайта тірілетін күнге дейін мұрса бер» деді. (14)

(Алла): «Шынында мұрса берілгендерденсің» деді. (15)

(Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. (16)

«Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді. (17)

(Алла): «Қорланып қуылған түрде ол жерден шық. Әрине олардан кім саған ілессе, сендердің барлықтарыңмен тозақты толтырамын» деді. (18)

(Алла): «Әй Адам! Сен және жұбайың жаннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда залымдардан боласыңдар» (19)

Сонда шайтан, ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп ғана тыйған» деді. (20)

Және: «Шынында мен екеуіңді үгіттеушілерденмін» деп ант ішті. (21)

Сөйтіп екеуін алдап түсірді. Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте, ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуі жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?»,- деп дабыстады. (22)

(Адам ата мен Хауа ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мәрхамет етпесең әлбетте зиян етушілерден боламыз» деді. (23)

(Алла): «(Жаннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар» деді. (24)

«Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер. Және ол жерден қайта шығарыласыңдар» деді. (25)

Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине түсінерсіңдер. (26)

Әй адам баласы! Шайтан, ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жаннаттан шығарған сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық. (27)

Олар қашан бір арсыздық істесе: «Аталарымызды осы жолда таптық, мұны бізге Алла бұйырды» деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Шынында Алла арсыздыққа бұйырмайды. Аллаға білмеген нәрселеріңді айтасыңдар ма?»,- де. (28)

(Мұхаммед Ғ.С.): «Раббым әділдікті бұйырды. Әрбір құлшылық орнында бет алыстарыңды туралап, діндеріңді Аллаға арнап отырып, Одан тілеңдер. Сендер бастапқы жаратқанындай және Оған қайтасыңдар» де. (29)

(Алла, адам баласының) бір тобын тура жолға салды. Және бір тобы да адасуға тиісті болды. Өйткені олар, Алладан өзге шайтандарды дос тұтты да олар өздерін тура жолдамыз деп есептеді. (30)

Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді. (31)

(Мұхаммед Ғ.С.): «Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. «Бұл несібе дүние тіршілігінде иман келтіргендер үшін. (Алайда кәпірлер де ортақ) Қиямет күні мүміндерге ғана» де. Білген елге аяттарды өстіп түсіндіреміз. (32)

«Күдіксіз Раббым, арсыздықтарды, Оның көрнеу, көмесін, күнәны, орынсыз озбырлықты, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаға серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді Аллаға қарсы сөйлеулеріңді арам қылды» де (Мұхаммед Ғ.С.). (33)

Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешікпейді де ілгерлемейді. (34)

Әй адам балалары! Егер сендерге іштеріңнен өздеріңе аяттарымды түсіндіретін елшілер келсе, сонда біреу сақсынып, өзін түзелтсе, оларға бір қорқу да жоқ әрі олар қайғырмайды. (35)

Сондай аяттарымызды өтірік дегендер, өздерін одан зор санағандар, солар, тозақтық. Олар онда ұдайы қалушылар. (36)

Алланы өтірік қаралаған немесе Оның аяттарын жасынға шығарған біреуден кім залымырақ? Олар Кітаптағы тиесілеріне қауышады. Ақыр елшілеріміз олардың жандарын алуға келіп: «Алладан өзге сиынатындарың қайда?»,- дегенде: «Олар бізден ғайып болды» деп, өздерінің қарсы болғандықтарына өздері айғақ болды. (37)

(Алла қияметте оларға): «Сендерден бұрыңғы өткен, тозақтағы жын және адамдар тобының ішіне кіріңдер» дейді. Әр топ тозаққа кірген сәтте, өз туысын (алдыңғы жолдасын) қарғайды. Барлығы онда жиналғанда, артқылары, алдындағыларына: «Раббымыз! Осылар бізді адастырған. Сондықтан оларға тозақ отынан екі есе азап бер» дейді. (Алла): «Әркімге екі есе азап бар. Бірақ сендер білмейсіңдер» дейді. (38)

Және олардың алдынғылары, артқыларына: «Сендердің бізге бір артықшылықтарың жоқ. Ендеше істегендеріңнің азабын татыңдар» дейді. (39)

Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды.. Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәкарларды өстіп жазаландырамыз. (40)

Оларға жаһаннамда төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз. (41)

Және иман келтіріп, ізгі іс істегендер, негізінде біреуге шамасы келетінді ғана жүктейміз. Солар жаннаттық. Олар онда мәңгі қалушы. (42)

Олардың көңілдерінен кірбеңдікті шығарамыз, астарынан өзендер ағады. Олар: «Барлық мақтау бізді осы тура жолға салған Аллаға тән. Егер Алла бізді тура жолға салмаса еді, тура жолды таба алмайтын едік. Расында Раббымыздың елшілері, шындықты келтірген еді » дейді. Және оларға: «Міне амалдарың себепті мұрагері болған жұмақтарың осы» делінген түрде дабысталады. (43)

Жұмақтағылар, тозақтағыларға: «Раббымыздың бізге уәде еткенін тура таптық. Сендер де Раббыларыңның уәде еткенін тура таптыңдар ма?»,- деп айғайлайды. (Олар): «Әрине» дейді. Сонда олардың араларында бір айғайшы: «Алланың қарғысы залымдарға» деп айғайлайды. (44)

Олар, Алланың жолынан тосып, онда бір қисықтық іздейді. Және олар ақыретке де қарсы болушылар. (45)

(Жұмақтағылар мен тозақтағылардың) арасында далда бар. Және «Ағраф» делінген жоғары орында екі жақтағыларды да әлпеттерінен танитын біреулер бар. Бұлар: «Сендерге сәлем» деп жаннаттағыларға айғайлайды. Бұлар әлі жаннатқа кірмеген, үміт ететіндер. (46)

Қашан олардың көздері тозақтықтар жаққа бұрылса: «Раббымыз! Бізді залым елмен бірге қыла көрме!»,- дейді. (47)

Ағрафтағылар тозақтағы әлпеттерінен танығандарға: «Сендерге көптіктерің және менмендіктерің пайда бермеді ме?»,- деп айғайлайды. (48)

(Оларға жұмақтағыларды көрсетіп:) “Бұларға Алланың рахметі тимейді деп, ант ішкен адамдарың емес пе? Жұмаққа кіріңдер. Сендерге қорқыныш жоқ әрі сендер қайғырмайсыңдар” (делінеді). (49)

Тозақтағылар, жұмақтағыларға: “Бізге суларыңнан немесе Алланың сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер” деп айғайлайды. Олар: “Расында Алла, ол екеуін де кәпірлерге арам еткен” дейді. (50)

Олар, діндерін ойын-сауыққа айналдырып, дүние тіршілігі алдағандар. Олар осы күнге жолығуларын ұмытып және аяттарымызға қарсы келгендей бүгін Біз оларды ұмытамыз. (51)

Расында Біз оларға, иман келтірген қауым үшін тура жол мәрхамет түрінде бір Кітап түсіріп, оны білім жолымен айырып түсіндірдік. (52)

Олар оның нәтижесін (бастарына келетінін) ғана күтеді. Оның нәтижесі келген күні, оны ұмытып жүргендер: “Раббымыздың елшілері шындықты әкелген еді. Енді бізді қолдаушы бар ма? Немесе дүниеге қайтарыламыз ба? Сонда бұрыңғы істегенімізден басқаны істер едік” дейді. Расында олар өздеріне кесір істеді. Сондай-ақ олардың жасанды тәңірлері адасып жоқ болды. (53)

Күдіксіз Раббыларың сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Алла, бүкіл әлемнің Раббы. (54)

Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді. (55)

Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар. Және Аллаға қауіп әрі үмітпен жалбарыныңдар. Расында Алланың рахметі жақын. (56)

Ол сондай Алла рахметінің (жаңбырдың) алдын ала желдерді қуантушы етіп жібереді. Ауыр бұлттарды көтерген бойда, өлі (қағыр) бір мемлекетке жіберіп, сонда ол арқылы жаңбыр жаудырып, сонымен әр түрлі жемістерді шығарамыз. Осылайша өліктерді де тірілтеміз. Әрине үгіттенерсіңдер. (57)

Жақсы жердің өсімдігі Раббының қалауы бойынша шығады. Сондай құнарсыз жерге аз нәрсе ғана шығады (бұл ықылас пен ықылассыздың мысалы). Осылайша аяттарымызды шүкірлік қылатын елге айырып баян етеміз. (58)

Расында Нұх (Ғ.С.) ты еліне пайғамбар етіп жібердік. Сонда ол: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Шәксіз мен сендерге келетін ұлы күннің азабынан қорқамын” деді. (59)

Елінің бастықтары: “Әрине біз сені ашық адасуда көреміз” деді. (60)

“Әй елім! Мен де ешбір адасқандық жоқ. Бірақ мен әлемдердің Раббы тарапынан бір елшімін” деді. (61)

“Сендерге Раббымның жібергендерін жалғастырып, сендерді үгіттеймін. Және Алладан сендер білмегенді білемін”. (62)

Сақсынып, мәрхаметке бөленулерің үшін Раббыларың тарапынан, өздеріңнен сендерге ескертетін бір кісіге насихат келуіне таңырқайсыңдар ма? (63)

Сонда олар оны жасынға шығарды. Сондықтан оны және онымен бірге кемеде болғандарды құтқарып, аяттарымызды өтірік дегендерді суға батырдық. Өйткені олар анық көзсіз ел еді. (64)

Және Ғад еліне туыстары Һұд (Ғ.С.) ты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар! Сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ. Қорықпайсыңдар ма?”,- деді. (65)

Елінің қарсы болған тобы: “Әрине біз сені есуас көреміз. Және сені анық өтірікшілерден деп ойлаймыз” деді. (66)

“Әй елім! Мен бір ақымақ емеспін. Бірақ әлемдердің Раббы тарапынан бір елшімін” деді. (67)

“Сендерге Раббымның жібергендерін жалғастырамын. Әрі сендерге сенімді бір үгітшімін…” (68)

“Раббыларың тарапынан өздеріңнен, сендерге ескерту үшін бір кісіге насихат келуіне таңырқайсыңдар ма? Ойлаңдар! Сол уақытта Алла сендерді Нұх қауымынан кейін орынбасар қылып, әрі тұлға жаратылысында да артық қылды. Ендеше Алланың нығметтерін еске алыңдар, әрине құтыласыңдар.”(69)

Олар: “Сен бізге жалғыз ғана Аллаға құлшылық қылуымыз және ата-бабаларымыздың табынатындарын тастауымыз үшін келдің бе? Егер рас айтушылардан болсаң, бізді құқайлаған азабыңды әкел” деді. (70)

(Һұд Ғ.С.): “Раббыларың тарапынан азап және ашу тиісті болды. Алла оған ешбір дәлел түсірмеген, аттарын, өздерің және аталарың қойған тәңірлерің жайында менімен таласасыңдар ма? Енді нәтижені күтіңдер, мен де сендермен бірге күтушілерденмін” деді. (71)

Сонда Һұд (Ғ.С.) ты, онымен бірге болғандары мәрхаметімізбен құтқардық та аяттарымызды жасынға шығарғандардың және сенбегендердің артын үздік. (72)

Және Сәмүд еліне туыстары Салих (Ғ.С.) ды жібердік: “Әй қауымым! Аллаға құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендерге Раббыларыңнан ашық мұғжиза келді. Міне Алланың іңгені сендерге бір мұғжиза. Оны еркіне қойыңдар, Алланың жерінде оттасын. Оған бір сұмдық істемеңдер. Әйтпесе, сендерді жан түршігерлік азап қолға алады” деді. (73)

Еске алыңдар! Сол уақытта Ғадтан кейін сендерді олардың орынбасары қылып, жер жүзіне орналастырды. Ойпаттарынан сарайлар жасап алып, тауларды үңгіп үйлер жасайтын едіңдер. Сондықтан Алланың нығметтерін еске алыңдар да жер жүзінде бүліншілік қылып жүрмеңдер. (74)

Елінің дандайсыған тобы, араларындағы иман келтіргендерді қор көріп: «Салихтың, Раббы тарапынан анық елші екенін білесіңдер ме?»,- деді. Олар: «Күдіксіз біз ол арқылы жіберілген нәрселерге сенеміз» деді. (75)

Дандайсығандар: «Күдіксіз біз сендер сенген нәрселерге қарсымыз» деді. (76)

Сондай олар іңгенді өлтіріп, Раббыларының әмірінен шықты да: «Әй Салих! Егер сен елшілерден болсаң, бізге бопсалағаныңды келтір» деді. (77)

Сонда оларды бір сілкініс қолға алды да үйлерінде етпеттеген бойларында қалды. (78)

Сонда Салих олардан жүз бұрып: «Әй елім! Расында мен сендерге Раббымның бұйрығын жалғастырдым. Бірақ сендер үгіттеушілерді жақсы көрмедіңдер» деді. (79)

Лұт (Ғ.С.) сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?» деді. (80)

«Сендер әйелдерді қойып еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине сендер шектен шыққан елсіңдер» (81)

Елінің жауабы: «Оларды кенттеріңнен шығарыңдар. Өйткені, олар өте тазасынған адамдар» деу ғана болады. (82)

Сонда Лұт (Ғ.С.) ты және семьясын құтқардық. Бірақ қатыны ғана апатқа ұшырағандардан болды. (83)

Оларға бір жаңбыр жаудырдық. Күнәкарлардың соңының қалай болғанын көр! (84)

Мәдян еліне туыстары Шұғайып (Ғ.С.) ты жібердік: «Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендерге Раббыларыңнан ашық бір дәлел келді. Енді өлшеуді, тартуды толық орындаңдар. Адамдардың нәрселерін кемітпеңдер. Түзетілгеннен кейін жер жүзінде бүліншілік қылмаңдар. Егер иман келтірген болсаңдар, сендерге осы істерің жақсы» деді. (85)

«Иман келтіргендерді Алланың жолынан тосып, бопсалап, қыңырлық іздеу үшін әрбір жол үстінде отырмаңдар. Және ойлаңдар, сендер аз едіңдер, Алла көбейтті. Және де бұзақылардың соңы қалай болды, қараңдар!» (86)

«Және сендерден бір топ, мен арқылы жіберілгенге сеніп, бір топ сенбесе, сонда арамызға Алла үкім бергенге дейін сабыр етіңдер. Ол, үкім берушілердің жақсысы» (87)

Елінің дандайсыған бастықтары: «Әй Шұғайып! Әрине сені де сенімен бірге иман келтіргендерді де кентімізден шығарамыз, немесе дінімізге қайтасыңдар» деді. Шұғайып (Ғ.С.): «Жақтырмасақ та ма?»,- деді. (88)

«Алла бізді діндеріңнен құтқарғаннан кейін қайталасақ, расында Аллаға өтірік жала қойған боламыз. Бірақ Раббымыз қаласа, оған қайтуымызға болады. Раббымыздың білімі әр нәрсені сыйдырды. Аллаға тәуекел қылдық. Раббымыз! Біз бенен еліміздің арасына туралықпен Сен үкім ет. Сондай-ақ Сен билік айтушылардың ең жақсысың» (деді Шұғайып Ғ.С.) (89)

Елінің ішінен қарсы болған бастықтары: «Егер Шұғайыпқа ілессеңдер, сол уақытта анық зиян етушілерден боласыңдар» деді. (90)

Сонда оларды бір сілкініс қолға алып жұрттарында етпеттеген бойларында қалды. (91)

Шұғайып (Ғ.С.) ты жасынға шығарғандар, тіпті жұрттарында болмағандай болды. Сондай-ақ Шұғайып (Ғ.С.) ты жасынға шығарғандар зиян тартты. (92)

Сонда ол, олардан бет бұрып: «Әй елім! Расында мен сендерге Раббымның нұсқауларын жалғастырдым әрі сендерге үгіт еттім. Ал енді қарсы болған бір елге қайтып қайғырамын?»,- деді. (93)

Тағы Біз әрқандай бір кентке елші жіберсек, олар жалбарынсын деп, ол жердің тұрғындарын таршылық, қиыншылыққа ұшыраттық. (94)

Сонан соң жаманшылықты жақсылыққа ауыстырдық. Тіпті артылып кетті де: «Аталарымыздың басына да таршылық, кеңшілік келген екен» десті. Сондықтан оларды кенеттен қолға алғанымызда өздері де білмей қалды. (95)

Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік. Бірақ олар жасынға шығарды. Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық. (96)

Кенттердің халқы, өздеріне азабымыздың түнделетіп, олар ұйқыдағы кезде келуінен қауіпсіз бе? (97)

Және де ол кенттердің елі, күн көтеріле бере ойнап жүрген сәтте, азабымыздың келуінен кәперсіз бола ала ма? (98)

Сондай-ақ Алланың кәрінен аман бола ала ма? Алланың бейнетінен зиянға ұшырайтын ел ғана қобалжымайды. (99)

Жердің бұрынғы иелерінен кейінгі мұрагерлер түсінбей ме? Егер қаласақ, күнәларына қарай бейнет берер едік. Сондай-ақ жүректерін мөрлейміз, сондықтан олар естімейді. (100)

(Мұхаммед Ғ.С.) Бұл кенттердің қиссаларын саған баян етеміз. Әрине оларға елшілері ап-ашық дәлел келтірген еді. Сонда да бұрын өтірік деген нәрселеріне сенгілері келмеді. Міне Алла, қарсы болушылардың жүрегін өстіп мөрлейді. (101)

Олардың көбін уәде де таппадық. Әрі олардың көбін мүлде бұзық көрдік. (102)

Одан кейін Мұса (Ғ.С.) ны Перғауын және сыбайластарына мұғжизалармен жібердік. Сонда олар, мұғжизаға қарсы келді. Ал енді бұзақылардың соңының қалай болғанын көр. (103)

Мұса (Ғ.С.): «Әй Перғауын! Шынында мен бүкіл әлемнің Раббы тарапынан жіберілген бір елшімін» деді. (104)

«Аллаға хақиқатты ғана айтуға міндеттемін. Сендерге Раббыларыңнан ашық дәлел әкелдім. Енді Израил ұрпақтарын менімен бірге жібер» деді. (105)

(Перғауын): «Егер сен бір мұғжиза келтірген болсаң, ал оны әкел. Егер сөзің шын болса» деді. (106)

Сонда (Мұса Ғ.С.) таяғын тастады. Ол, дереу ашықша бір айдағар болды. (107)

Тағы қолын шығарды. Сонда ол, қараушыларға аппақ көрінді. (108)

Перғауын елінің бастықтары: «Күдіксіз мынау анық білгіш сиқыршы» деді. (109)

«Сендерді жұрттарыңнан шығарғысы келеді. Не бұйырасыңдар?» (110)

«Оны да туысын да тоқтатып қойып, қалаларға жинаушылар жібер.» (111)

«Бүкіл білгіш сиқыршыларды саған әкелсін» (десті) (112)

Сиқыршылар, Перғауынға келіп: «Егер біз жеңіске ие болсақ, әрине бізге сыйлық бар шығар» деді. (113)

(Перғауын): «Әрине! Әрі жақын адамдарымнан боласыңдар» деді. (114)

(Сиқыршылар): Әй Мұса! Енді (өнеріңді ортаға) не сен қой немесе біздер қояйық деді. (115)

(Мұса Ғ.С.): «Сендер қойыңдар» деді. Олар (өнерлерін) қойған сәтте, адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ үлкен бір сиқыр келтірді. (116)

Мұсаға: «Таяғыңды таста» деп уахи еттік. Сол сәтте, таяқ олардың жасанды нәрселерін жалмай бастады. (117)

Сонда шындық ортаға қойылып, олардың істегендері босқа кетті. (118)

Сөйтіп олар сол арада жеңіліске ұшырап, қор болып қайтты. (119)

Сиқыршылар сәждеге жығылды. (120)

Олар: «Бүкіл әлемнің Раббына сендік» деді. (121)

«Мұса мен һарунның Раббына….» (122)

(Перғауын): «Мен сендерге рұқсат беруден бұрын оған иман келтірдіңдер ме? Расында бұл, қала халқын шығару үшін жасаған бір әдістерің. Бәлем жақында көресіңдер.» деді. (123)

«Әрине қол-аяқтарыңды шадырлата кестіремін, сонсоң түгелдей астырамын» (124)

(Сиқыршылар): Сөзсіз, Раббымызға айналамыз! ,- деді. (125)

«Сен, бізден Раббымыздың аяттары келгенде иман келтірді деп қана өш аласың. Раббымыз! Бізге сабыр бер әрі бізді Мұсылман болған күйде өлтір!….» (126)

Перғауын елінің бастықтары: «Мұсаны және елін, жер жүзінде бүліншілік қылсын және сені де, тәңірлеріңді де тастасын деп қоя бересің бе? » деді. (Перғауын оларға): «Ұлдарын өлтіреміз де әйелдерін тірі қоямыз. Әрине біз олардың үстінде өктембіз» деді. (127)

Мұса (Ғ.С.) еліне: «Алладан жәрдем тілеңдер әрі сабыр етіңдер: Жер Алланікі екені даусыз. Ол, құлдарынан қалағаныңа мұра қылады. Соңғы табыс тақуалардікі» деді. (128)

(Елі Мұса Ғ.С.ға): «Сен бізге келуден бұрын және сен бізге келгеннен кейін де қиналдық» деді. (Мұса Ғ.С.): «Раббыларың дұшпандарыңды жойып, орнына сендерді ол жерге орналастыруы мүмкін. Бірақ сендердің де қалай істейтіңдеріне қарайды» деді. (129)

Шынында, Перғауын тобын, үгіт алулары үшін жылдарша жемістерін кемітіп, қолға алдық. (130)

Қашан оларға бір жақсылық келсе: «Бұл біздің хақымыз» деп, егер оларға бір жамандық жетсе, Мұса және онымен бірге болған кісілерді ырымдайды. Байқаңдар! Олардың сәтсіздіктері Алла тарапынан. Бірақ олардың көбі білмейді. (131)

Тағы олар: «Бізді жадылау үшін қанша мұғжиза келтірсең де саған сенбейміз» деді. (132)

Сондықтан оларға ашық мұғжизалар түрінде; топан суы, шекіртке, бит, бақа және қан жібердік. Сонда да олар менменсіген әрі олар күнәкар бір қауым болды. (133)

Оларға азап келген кезде: «Әй Мұса! Раббыңа, саған берген уәдесі бойынша жалбарын. Егер бізден азабын айықтырсаң, әрине саған сенеміз де Израил ұрпақтарын сенімен бірге қоя береміз» деді. (134)

Қашан олардан белгілі мерзімге дейін азапты айықтырсақ, сол уақытта олар серттерін бұзды. (135)

Аяттарымызды жасынға шығарып, оны елемегендіктерінен оларды теңізге батырып жазасын тарттырдық. (136)

Сондай езілген халықты (Израил ұрпақтарын) біз құнарлы қылған жердің шығысына да батысына да мұрагер қылдық. Сөйтіп олардың сабыр қылулары себепті Раббыңның Израил ұрпақтарына деген игі сөздері орындалды. Сондай-ақ Перғауын мен елінің, биіктетіп жасап бара жатқандарын талқандадық. (137)

Тағы Израил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда олар бұттарына шоқынған бір елге келді: «Әй Мұса! Бұлардың тәңірлері құсаған бізге тәңір жаса» деді. (Мұса Ғ.С.): «Шынында сендер білмейтін елсіңдер» деді. (138)

«Сөзсіз олардың діндері жойылады да олардың істеген істері босқа кетеді.» (139)

«Сендерге бүкіл әлемнен сендерді артық қылған Алладан басқа тәңір іздеймін бе?»,- деді. (140)

(Израил ұрпақтары,) ойлаңдар! Сендерді қатты азаппен қинаған, ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қойған Перғауын семьясынан құтқарған едік. Осыларда сендер үшін Раббыларың тарапынан зор сынау бар. (141)

Мұса (Ғ.С.) ға отыз түн уәде еттік те оған онды қосып, сөйтіп Раббының белгілі уақыты қырық кешке толды. Мұса (Ғ.С.) туысы һарұнға: «Елімнің ішінде орынбасарым бол. Түзелт те бұзақылардың жолына ерме» деді. (142)

Мұса (Ғ.С.), белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса Ғ.С.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (Ғ.С) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді. (143)

(Алла Т.): «Әй Мұса! Шынында сені адамдардан елшілікке және сөйлесуге таңдап алдым. Ендеше, саған бергендерімді ал да, шүкірлік етушілерден бол» деді. (144)

Мұса (Ғ.С.) ға (Тәурат) тақтайларында әр нәрсені үгіт түрінде ашалап жазған едік: «Сонда оны мықты ұста және еліңе әмір ет. Оның көркем нұсқауларын алсын. Саған, бұзақылардың жұртын көрсетемін?» (145)

Жер жүзінде орынсыз түрде дандайсығандарды ұзақтастырамын. Егер олар барлық белгілерді көрсе де оған сенбейді. Сондай-ақ олар тура жолды көрсе; оны жол қып ұстамайды. Ал егер қисық жолды көрсе, оны жол қып алады. Бұл олардың аяттарымызды өтірік деп одан ғапыл болғандықтары. (146)

Аяттарымызды, ақыретке кездесуді өтірік дегендердің амалдары жойылып, істеріне қарай ғана жазаланады. (147)

Мұса (Ғ.С.) дан кейін елі; сәндік-бұйымдардан дабысы бар бұзаудың мүсінін жасап алды. Олар, ол бұзаудың өздерімен сөйлеспейтінін және оларды тура жолға салмайтынын көрмей ме? Олар оны тәңір тұтып, залымдардан болды. (148)

Олардың қолдары түскен заманда (қатты өкініп иықтары түскен түрде) анық адасқандықтарын көріп: «Егер Раббымыз бізге мәрхамет етпесе, бізді жарылқамаса, әрине зиян тартушылардан боламыз» десті. (149)

Мұса (Ғ.С.) еліне ыза болып, кейіген түрде қайтқан кезде: «Менен кейін маған нендей жаман іс істедіңдер! Раббыларыңның әміріне асықтыңдар ма?»,- деп (Тәурат) тақтайларын тастай салып, туысы (Һарұн) ның басынан ұстап өзіне қарай тарта бастады? (Һарұн): «Әй анамның ұлы! Расында бұл ел мені, басынып тіпті өзімді өлтіруге жақындады. Енді мені дұшпандарға күлкі қылма да мені залым елмен бірге санама!»,- деді. (150)

Мұса (Ғ.С.): «Раббым! Мені және туысымды жарылқа, бізді мәрхаметіңе бөле! Сен мейірімділердің ең жақсысысың» деді. (151)

Күдіксіз сондай бұзауды тәңір тұтқандарға Раббылары тарапынан қаһар тиіп, дүние тіршілігінде қорлыққа ұшырайды. Қараушыларды осылайша жазалаймыз. (152)

Сондай жаман іс істегендер, содан кейін тәубе қылып, иман келтірсе, күдіксіз Раббың сонан соң да аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (153)

Мұсаның ашуы басылғанда, тақтайларды алды. Нұсқасындағы жазуда; Раббыларынан қорыққандарға тура жол және мәрхамет бар еді. (154)

Мұса (Ғ.С.) белгілі мерзіміміз үшін елінен жетпіс кісі сайлады. Сонда оларды жер сілкіну қолға алғанда (Мұса Ғ.С.): «Раббым! Егер қаласаң оларды да мені де бұдан бұрын жоқ етер едің. Ішіміздегі ақымақтардың қылықтарының салдарынан, бізді жоқ етесің бе? Бұл Сенің бір сынауың ғана. Сонымен қалағаныңды адастырып, қалағаныңды тура жолға саласың. Сен біздің иемізсің. Енді бізді жарылқа, бізге мәрхамет ет. Сен жарылқаушылардың ең жақсысың.» деді. (155)

«Бізге осы дүниеде және ақыретте жақсылық жаза көр! Күдіксіз біз Саған бет бұрдық.» (Алла Т.): «Мен қалағанымды азабыма ұшыратамын, рахметім әр нәрсені сыйдырды. Мәрхаметімді сондай тақуалық қылғандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға сенгендерге жедел жазамыз» деді. (156)

Олар, сондай жандарындағы Тәуратта және Інжілде жазулы жіберілген, сауатсыз Пайғамбарға ергендер. Ол, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыяды. Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады. Олардың үстеріндегі ауыр жүктерді (түсіріп) шиелініскен нәрселерді шешеді. Енді соған (Мұхаммед Ғ.С.ға) сенгендер, олар оған құрмет етіп әрі оған көмек көрсеткендер сондай-ақ оған түсірілген нұр (Құран) ға ергендер, міне солар құтылушылар. (157)

(Мұхаммед Ғ.С.): Әй адам баласы! Мен барлығыңа Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Аллаға және Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар де. (158)

Мұсаның қаумынан да тура жолға салатын және онымен әділдік істейтін бір топ бар. (159)

Біз Израил ұрпақтарынан он екі рулық топтарға бөлдік. Мұса (Ғ.С.) дан, елі су сұрағанда: «Таяғыңды тасқа ұр» деп уахи еттік. Сонда тастан он екі бастау шықты да әркім өз суатын білді. Оларға бұлтты көлеңке қылып, өздеріне «Мәнна, Сәлуаны» түсірдік: «Сендерге Біз берген таза ризықтан жеңдер» (дедік). Олар бізге кесір тигізбеді. Алайда өздеріне кесір тигізді. (160)

Сол уақытта оларға: «Осы қалаға орналасыңдар да (ол жердің өсімдіктерінен) қалағандарыңша жеңдер. «Күнәміз жарылқансын» деп қақпадан сәжде қылып кіріңдер. Қателіктеріңді жарылқап, жақсылық істеушілерге тағы артық береміз» делінді. (161)

Сонда олардың залымдары; сөзді, өздеріне айтылғаннан басқаға ауыстырды. Олардың зұлымдық істегендіктері салдарынан көктен азап жібердік. (162)

(Мұхаммед Ғ.С.) олардан теңіз жағасында болған кенттің жағдайын сұра. Сол уақытта олар сенбі де (балық аулап) шектен шығатын еді. Сонда олардың сенбіні құттықтаған күндерінде, балықтар, оларға қаптап келіп, сенбісіз күндерде оларға келмейтін еді. Олардың зұлымдықтары себепті өздерін осылайша әуреге салдық. (163)

Сол уақытта олардан бір тобы: «Алла жоқ ететін немесе қатты азап қылатын елді не үшін үгіттейсіңдер?»,- деді. (Үгіттеушілер): «Раббыларыңа ғұзырымыз болсын, бәлкім олар сақтанар» деді. (164)

Өздеріне берілген үгітті ұмытқан кезде, жаманшылықтан тосқандарды құтқардық. Сондай зұлымдық қылғандарды; бұзақылық істеулері себепті қатты қинауға ұшыраттық. (165)

Сонда олардың тыйым салынған нәрседе шектен шыққандықтары себепті оларға: «Маймыл болып қор болыңдар» дедік. (166)

(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың оларды қиямет күніне дейін жаман қинаумен ұстайтын біреулерді әлбетте жіберетіндігін білдірді. Расында Раббың тез жазалаушы әрі аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (167)

Оларды жер жүзінде топтарға бөлдік. Олардың игілері бар әрі олардың басқалары да бар. Бәлкім райынан қайтар деп оларды жақсылықпен де, жамандықпен де сынадық. (168)

Олардан кейін, Кітапқа мұрагер болып, осы сапасыз дүниенің бұйымын алатын топ келіп отырады да: «Жуықта жарылқанамыз» дейді. Тағы сондай нәрсе келсе, оны да ала береді. Олардан Аллаға байланысты шындықты ғана айтуларына, Тәуратта уәде алынбады ма? Ал олар, ондағы нәрселерді оқымады ма? Негізінде ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы. Сонда да түсінбейсіңдер ме? (169)

Сондай Кітапқа мықты жабысып, намазды толық орындайды; дау жоқ, біз игілік істегендердің сауабын зая қылмаймыз. (170)

Бір күнде тауды көлеңке тәрізді Израил ұрпақтарының үстеріне көтердік. Олар оны шын түседі деп ойлады. «Сендерге берген Кітапты мықты ұстаңдар да ішіндегілерді түсініңдер, әрине тақуа боласыңдар» (дедік). (171)

(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?»,- (дегенде,) олар: «Әрине куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер. (172)

Немесе: «Бұрыңғы ата-бабамыз шерік қатқан еді, біз де солардың ұрпағымыз. Сонда бізді бұзақылардың қылығымен жоқ етесің бе?»,- (демеулерің үшін.) (173)

Олардың тура жолға қайтулары үшін аяттарымызды өстіп ашық баян етеміз. (174)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға (Яһудилерге) берген аяттарымызды сиырылып, шайтандарға ерген, адасушылардан біреудің жағдайын түсіндір. (175)

Егер қаласақ, аяттарымыз арқылы әрине оны жоғарлатар едік. Бірақ ол, жерге еңкейіп (дүниеге беріліп) нәпсіне ерді. Сонда оның мысалы: Егер оған тап берсең де тілін салақтатып, не оны қойып қойсаң да тілін салақтататын ит тәрізді. Аяттарымызды жасынға шығарған елдің мысалы осы. (Мұхаммед Ғ.С.) Уақиғаны оларға айтып бер. Бәлкім олар түсінер. (176)

Сондай аяттарымызды жасынға шығарып, өздеріне зұлымдық еткен елдің сыңайы нендей жаман! (177)

Алла (Т.) кімді тура жолға салса, сонда ол, тура жол тапқан болады. Және кімді адастырса, сонда олар зиянға ұшырағандар. (178)

Рас тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне солар мүлде кәперсіздер. (179)

Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол аттармен жалбарыныңдар. Алланың атында қиғаштық істейтіндерді қойып-қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады. (180)

Біз жаратқан адамдардан туралыққа бастап, шындық арқылы әділетті атқаратын бір топ бар. (181)

Сондай аяттарымызды жасынға айналдырғандарды олар, білмеген жақтан бірте-бірте жоямыз. (182)

Тағы да оларға мұрса беремін. Әрине шараларым да қатаң. (183)

Олар жолдастары (Мұхаммед Ғ.С.) ның жыны болмағандығын түсінбеді ме? Расында ол, ашық ескертуші ғана. (184)

Олар, көктер мен жердегі Алланың мүліктеріне, және Алла жаратқан нәрселеріне сондай-ақ өздерінің ажалдарының жақын болуының мүмкін екендігін ойламай ма? Ал енді олар, бұдан кейін қай сөзге сенеді? (185)

Алла кімді адастырса, сонда оған тура жол көрсетуші жоқ. Онда оларды қаңғырыстарында абыржытып қояды. (186)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар, сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды: «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (қиямет) сендерге кенеттен-ақ келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді де. (187)

(Мұхаммед Ғ.С.): «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі білген болсам, әрине жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді; қорқытушы, қуандырушы ғанамын» де. (188)

Ол сондай Алла, сендерді бір-ақ кісіден (Адамнан) жаратқан, және оған тиянақ үшін жұбайын (Хауаны) жаратқан. Ол жұбайына жақындасқанда, жұбайы жеңіл түрде жүкті болды. Сонда онымен жүріп ауырлаған кезде, Аллаға: «Егер бізге игі бала берсең, әрине шүкір етушілерден болар едік» деп жалбарды. (189)

Дегенмен Алла оларға дұрыс бала берген кезде, олар өздеріне берген бала жайында Аллаға шерік қата бастады. Алла (Т.) олардың қосқан ортақтарынан жоғары (пәк). (190)

Олар, еш нәрсені жаратпаған, өздері жаратылған нәрсені Аллаға шерік қата ма? (191)

(Аллаға шерік қатқан нәрселері) оларға жәрдем ете алмайды әрі өздеріне де жәрдем ете алмайды. (192)

Егер шерік қатқан нәрселеріңді тура жолға шақырсаңдар, олар сендерге ермейді. Оларды мейлі шақырыңдар, мейлі үндемеңдер, сендерге бәрі бір. (193)

Расында Алладан өзге шоқынғандарың, өздерің сияқты құлдар. Егер шын айтсаңдар, қане оларды шақырыңдар, сендерге жауап берсін. (194)

Олардың жүретін аяқтары, ұстайтын қолдары, көретін көздері немесе еститін құлақтары бар ма? (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Аллаға қосқан ортақтарыңды шақырыңдар да, сонан соң маған мұрса бермей айлакерлік жасаңдар» де. (195)

Шынында менің ием Құран түсірген Алла. Ол, жақсыларға иегершілік етеді. (196)

Сендердің Алладан өзге шоқынғандарың, сендерге де жәрдем ете алмайды. Сондай-ақ өздеріне де жәрдем ете алмайды. (197)

Ал және оларды тура жолға шақырсаңдар, олар естімейді. Олардың саған қарағанын көресің. Бірақ олар сені көрмейді. (198)

(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білместерден бет бұр. (199)

Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, сонда Аллаға сиын. Өйткені Ол, толық естуші, өте білуші. (200)

Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Алланы еске алады да қырағылық істейді. (201)

Кәпірлердің туыстары (шайтандар), азғындыққа тартады да сонсоң олар қырсоңынан қалмайды. (202)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер оларға мұғжиза келтірмесең, олар: «Оны өзің неге жасамадың?»,- дейді. Мен: «Раббым тарапынан маған уахи етілгенге ғана бой ұсынамын. Осы Құран, иман келтірген елге, Раббыларыңнан ашық дәлелдер. Сондай-ақ тура жол әрі мәрхамет». (203)

Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер. (204)

(Мұхаммед!) Раббыңа ішіңнен жалбарына қорыққан түрде бәсең сөзбен ертелі-кеш зікір ет. Сондай-ақ кәперсіздерден болма. (205)

Расында Раббыңның қасындағылар (періштелер) Оған құлшылық қылудан менменсімейді де Оны дәріптеп, Оған сәжде қылады. (206)