Таһа сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Та Һа. (1)

Саған Құранды машақат үшін түсірмедік. (2)

Бірақ қорыққан кісіге насихат үшін түсірдік. (3)

Жер мен биік көктерді жаратқаннан түсірілді. (4)

Ол Рахман, ғаршыны меңгерді. (5)

Көктердегі, жердегі әрі екі арасындағы нәрселермен топырақтың астындағы нәрсе Оған тән. (6)

Сөзіңді мейлі әшкере сөйле. Расында Ол сырды да, құпияны да біледі. (7)

Ол Алла. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ең көркем аттар Оған тән. (8)

(Мұхаммед Ғ.С.) саған Мұса (Ғ.С.) ның әңгімесі келді ме? (9)

Сол уақытта ол бір от көріп, үй-ішіне: “Тұрып тұрыңдар. Бір от көрдім. Бәлкім сендерге бір шоқ келтіремін немесе от жақта, бір жол көрсетуші табармын” деді. (10)

Ол отқа барған сәтте: “Әй Мұса!” деп шақырылды. (11)

“Рас Мен Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Өйткені, сен қасиетті Туа ойпатындасың”. (12)

“Сені ұнаттым. Енді уахи етілгендерді тыңда”. (13)

“Рас Мен Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында”. (14)

“Әркім істегенінің бодауын алу үшін; Мен мезгілін құпиялаған қиямет анық келеді.” (15)

“Ендеше, сені қияметке сенбей, көңілдері тартқанына ілескендер, (қияметке сенуден) тоспасын. Онда жоқ боласың.” (16)

Әй Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе?” (17)

(Мұса Ғ.С.): “Ол таяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін әрі онда басқа да істерім бар” деді. (18)

“Әй Мұса! Оны таста!”,- деді. (19)

Оны тастады. Сонда ол, жылан болып жүрді. (20)

“Оны ұста, қорықпа! Оны әуелгі халына қайтарамыз” деді. (21)

“Қолыңды қойныңа тық. Аппақ ақаусыз басқа бір мұғжиза болып шықсын”. (22)

Саған ірі мұғжизаларымызды көрсету үшін (еді.)” (23)

“Перғауынға бар. Өйткені ол, шектен шыққан.” (24)

(Мұса Ғ.С.): “Раббым! Көңлімді кеңейткейсің!”,- деді. (25)

“Ісімді оңайластырғайсың!” (26)

“Тілімнің тұтықпасын шеше көр.” (27)

“Олар сөзімді түсінсін!” (28)

“Маған семьямнан бір уәзір қыл!” (29)

“Туысым Һарұнды,” (30)

“Ол арқылы арқамды қуатта!” (31)

“Оны істеріме ортақ қыл.” (32)

“Сені көп дәріптеуіміз үшін.” (33)

“Сені көп еске аламыз.” (34)

“Күдіксіз Сен бізді көресің.” (35)

(Алла): “Әй Мұса! Сенің тілегің берілді” деді. (36)

“Негізінде саған басқа да бір рет игілік еткен едік.” (37)

“Сол уақытта анаңның көкейіне тиісті нәрселер салған едік: (38)

“Оны сандыққа салып, дәрияға тастап жібер; дәрия оны қырға шығарып тастасын. Оны оған да Маған да дұшпан біреу тауып алсын.” “(Әй Мұса! Саған) көз алдымызда бағылуың үшін өз тарапымнан махаббат салдым.” (39)

“Сол уақытта әпкең барып: Сендерге оны бағатын біреу көрсетейін бе?”,- деді. Сонда сені, көз айым болып кейімеуі үшін анаңа қайтардық. Және бір кісі өлтірдің. Сонда сені, ол қайғыдан құтқарған едік те сынаулармен сынаған едік. Сондай-ақ жылдар бойы Мәдян елінде тұрдың. Сосын белгілі мерзімде қайтып келдің, әй Мұса!” (40)

“Сені Өзіме арнадым.” (41)

“Сен туысың (Һарұн екеуің) мұғжизаларымды апарыңдар. Мені еске алуда селқостық қылмаңдар.” (42)

“Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан.” (43)

“Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар.” (44)

(Мұса мен Һарұн Ғ.С.): “Раббымыз! Оның өктемдік қылуынан немесе шектен шығуынан қорқамыз” деді. (45)

(Алла Т.): “Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін” деді. (46)

“Екеуің барып: Біз, Раббыңның саған жіберген елшісіміз; ал енді Израил ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Енді оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Есендік тура жолдағыларға болсын” деңдер. (47)

“Бізді жасынға шығарып, бет бұрғандарға азап болатындығы уахи етілді.” (48)

(Перғауын): “Әй Мұса! Раббыларың кім?”,- деді. (49)

(Мұса): “Раббымыз, әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған” деді. (50)

(Перғауын): “Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің жағдайы қандай?”,-деді. (51)

(Мұса Ғ.С.): “Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды да, ұмытпайды” деді. (52)

Ол сондай Алла, сендер үшін жерді бесік қылып, онда сендерге жолдар ашқан және көктен жаңбыр жаудырған. Ол су арқылы түрлі өсімдіктерден пар-парымен шығардық. (53)

Жеңдер де малдарыңды жайыңдар, Рас бұнда ақыл иелері үшін өнеге бар. (54)

Одан (топырақтан) сендерді жараттық. Оған қайтарамыз да екінші рет содан шығарамыз. (55)

Расында Перғауынға барлық мұғжизаларымызды көрсеттік. Бірақ ол жасынға шығарып бас тартты. (56)

“Әй Мұса! Сиқырың арқылы бізді жерімізден шығару үшін келдің бе?”,- деді. (57)

“Әрине біз де сол тәрізді сиқыр әкелеміз. Ендеше бізбен өз араңда бір уәделі жер белгіле. Біз де, сен де айнымайтын ыңғайлы бір орын болсын” деді. (58)

(Мұса Ғ.С.): Табысатын уақтымыз мереке күнгі ел жиналатын сәске болсын” деді (59)

Сонда Перғауын бұрылып кетті де сиқыршыларын жинап келді, (60)

Мұса (Ғ.С) оларға: “Құрып-ақ қалыңдар! Аллаға өтірік жала жапсырмаңдар. Онда сендерді азаппен жоқ етеді. Расында кім жала жапсырса, мүлде зиянға ұшырайды” деді. (61)

Олар өзара тартысып, жасырын кеңесті. (62)

Олар: “Бұл екеуі сиқыршы, сиқырлары арқылы сендерді жерлеріңнен шығаруды, ардақты діндеріңді жоюды қалайды” десті. (63)

“Сондықтан барлық сиқырларыңды жинап, сосын қатарланып келіңдер. Расында бүгін кім үстем болса, мұратқа жетеді,” (64)

Олар: “Әй Мұса! Енді (асаңды) не сен таста немесе біз бұрын тастайық” деді. (65)

(Мұса Ғ.С.): “Жоқ, сендер тастаңдар” деді. Сол сәтте, олардың (тастаған) жіптері мен таяқтары сиқырларының салдарынан, Мұса (Ғ.С.) ға жүрген жылан болып сезілді. (66)

Сондықтан Мұса (Ғ.С.) көңлінде бір қобалжу сезді. (67)

“Қорықпа! Сен үстем боласың” дедік. (68)

“Оң қолыңдағыны (таяқты) таста! Олардың жасағандарын жалмасын. Шынында олардың жасағандары, сиқыршының ғана айласы. Сиқыршы қайда барса да құтылмайды” дедік. (69)

Сонда бүкіл сиқыршылар, сәждеге жығылып: “Мұса мен Һарұнның Раббына иман келтірдік” деді. (70)

(Перғауын сиқыршыларға): “Мен сендерге рұқсат беруден бұрын иман келтірдіңдер ме? Әрине ол, сендерге сиқыр үйреткен үлкендерің екен. Енді, әлбетте қолдарыңды да, аяқтарыңды да шадырлата кесемін. Және сендерді құрманың бұтақтарына асамын. Сөйтіп қайсымыздың азабымыз қатты да тұрақты екенін жақсы білесіңдер” деді. (71)

Олар: “Бізге келген ашық мұғжизалардан, сондай-ақ бізді жаратқаннан, сені артық көре алмаймыз. Дереу не үкім берсең бер. Әрине сен осы дүниеде ғана ықпал жүргізе аласың” деді. (72)

“Күдіксіз біз, қателіктерімізді және сен бізді зорлаған сиқырды кешіруі үшін Раббымызға иман келтірдік. Сондай-ақ Алла (Т.) қайырлы да тұрақты.” (73)

Күдіксіз кім Раббына күнәкар болып келсе, рас оған тозақ бар. Онда ол, өлмейді де тіршілік өмір де сүрмейді. (74)

Ал кім Оған иман келтіріп, рас ізгі іс істеп келсе, міне соларға жоғары дәрежелер бар. (75)

Астынан өзендер ағатын Ғадын бақшалары; Олар, онда мәңгі қалады. Пәк болған кісінің сыйлығы осы. (76)

Расында Мұсаға: “Құлдарымды (Израил ұрпақтарын) түнделетіп, алып кет. Оларға теңізде құрғақ жол аш. Олардың қуып жетулерінен қорықпа да шошыма!”,- деп уахи қылдық. (77)

Сонда оларды қуған Перғауын мен әскерлерін теңіз басып, ішіне алды. (78)

Перғауын, елін адастырып, тура жолға салмаған еді. (79)

Әй Израил ұрпақтары! Өздеріңді дұшпандарыңнан құтқарып, Тұр тауының оң жағын сендерге уәде қылдық. Сондай-ақ сендерге, Мәнна, Сәлуаны түсірдік. (80)

Біз сендерге берген таза ризықтан жеңдер. Бұнда шектен шықпаңдар. (Өйтсеңдер) Сендерге ашуым түседі. Ал кімге ашуым түссе, расында сол жоқ болады. (81)

Өйткені Мен, кім тәубе етіп, иман келтіріп, игілік істеп, тура жолда болса, әлбетте жарылқаймын. (82)

“Әй Мұса! Сені қауымыңнан не асықтырды?” (83)

(Мұса Ғ.С): “Олар артымда, Раббым, разы болуың үшін Саған асықтым” деді. (84)

(Алла): “Рас Біз, сенен кейін еліңді сынадық. Сондай-ақ оларды, Сәміри жолдан шығарды” деді. (85)

Сонда Мұса (Ғ.С.) ашуланып, кейіген түрде, еліне қайтты да: “Әй елім! Раббыларың сендерге жақсы уәде қылмап па еді? Сендерге уәде ұзақ келді ме? Немесе өздеріңе Раббыларыңның қаһары келуін қалап, уәдемнен айныдыңдар ма?”,-деді. (86)

Олар: “Уәдеңнен өздігімізден таймадық. Бірақ бізге, ол елдің сәндік-бұйымдары артылған еді. (Алып шыққан едік.) Сонда оларды отқа салдық. Осылайша Сәміри де салды” деді. (87)

Сонда Сәміри, оларға; мөңіреген бір бұзаудың мүсінін шығарды да олар: “Сендердің де Мұсаның да тәңірі осы. Бірақ ол жаңылды” десті. (88)

Олар оның өздеріне жауап қайтармағанын сондай-ақ олар үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емес екендігін көрмей ме? (89)

Рас бұрын Һарұн да оларға: “Әй елім! Шынында сендер осы арқылы сыналдыңдар. Күдіксіз Раббыларың мейірімді. Сондықтан маған еріп, әміріме бой ұсыныңдар!”,- деген еді. (90)

Олар: “Мұса бізге қайтқанға дейін бұған табынудан тапжылмаймыз” десті. (91)

(Мұса Ғ.С.): “Әй Һарұн! Бұлардың адасқанын көргенде, артымнан келуіңнен сені тосқан не?” (92)

“Немесе әміріме қарсы келдің бе?”,- деді. (93)

(Һарұн): “Әй анамның ұлы! Сақалым мен шашымды ұстамашы. Израил ұрпақтарының арасына іріткі салдың, сөзімді елемедің деуіңнен қорықтым” деді. (94)

(Мұса Ғ.С): “Әй Сәміри! Жә, сенің істегенің не?”,- деді. (95)

(Сәміри): “Олар көрмеген бір нәрсе көрдім. Елшінің (Жебрейіл Ғ.С.) ізінен бір уыс топырақ алып, оны ішіне салдым. Оны маған нәпсім жақсы көрсетті” деді. (96)

(Мұса Ғ.С.): “Енді кет! Өмірің бойынша: “Маған жұғыспа” деп өтесің. Күдіксіз саған әсте өзгермейтін бір жаза тағы бар. Бұлжымай табынған тәңіріңе қара! Әлбетте оны өртеп сонан соң дәрияға тастап жібереміз.” (97)

“Тәңірлерің Алла ғана. Одан басқа ешбір Тәңір жоқ. Білімі әр нәрсені сидырады.” (98)

(Мұхаммед Ғ.С.) өстіп, саған кейбір болып өткен уақиғаларды баян етеміз. Сондай-ақ саған өз қасымыздан Құранды бердік. (99)

Кім Құраннан бет бұрса, сонда күдіксіз оған қиямет күнінде күнә жүктеледі. (100)

Олар ол бейнетте мүлде қалады. Олар үшін қиямет күні нендей жаман жүк. (101)

Сүр үрілген күні, күнәкарларды көздері көгерген түрде жинаймыз. (102)

Олар араларында: “Дүниеде он-ақ тәулік тұрдық” деп сыбырласады. (103)

Олардың не айтқандарын жақсы білеміз. Олардың ең туралары: “Дүниеде бір-ақ күн тұрдыңдар” дейді. (104)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен таулардың жайынан сұрайды. Сонда оларға: “Раббым тозаң қылып, ұшырып жібереді” де. (105)

Оны теп-тегіс жазық қылады. (106)

Сен онда ешбір қия не томпақ көрмейсің. (107)

Олар; қиямет күні, шақырушыға еш бұрылмай ілеседі. Сондай-ақ Рахманның алдында дауыстар бәсеңдейді. Тіпті сыбдырдан басқаны естімейсің. (108)

Сол күні Рахман рұқсат берген, сөзін жақтырғаннан басқаның шапағаты пайда бермейді. (109)

Өйткені Алла, олардың алдарындағыны да арттарындағыны да біледі. Басқалар оны толық білмейді. (110)

Тірі, меңгеруші (Алла) ге бастар иіледі. Кім зұлымдық арқаласа, қор болады. (111)

Ал кім иман келтірген түрде түзу іс істесе, сонда ол жамандықтарының артуынан, жақсылықтарының кемуінен қорықпайды. (112)

Осылайша Құранды Арапша түсіріп, онда түрлі ескертулер баян еттік. Мүмкін олар сақтанар. Немесе оларға үгіт пайда қылар. (113)

Шынайы меңгеруші Алла әр нәрседен жоғары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған етілген уахи бітуден бұрын Құранды оқуға асықпа да: “Раббым, білімімді арттыр!”,- де. (114)

Рас бұрын Адамға үкім берген едік. Алайда, ол ұмытты. Оны төзімді таппадық. (115)

Сол уақытта періштелерге: “Адамға сәжде қылыңдар!”,- дедік. Сонда олар сәжде қылды. Бірақ Ібіліс сәжде қылмай бас тартты. (116)

Сонда Адамға: “Күдіксіз осы, саған да жұбайыңа да дұшпан. Екеуіңді жаннаттан шығарып жібермесін. Сонда машақат тартасыңдар” дедік. (117)

Күдіксіз сен жаннатта, аш-жалаңаш қалмайсың. (118)

Сондай-ақ онда шөлдемейсің де күннің ыстығы өтпейді. (119)

Ақыр шайтан оған азғыру жүргізіп: “Әй Адам! Саған мәңгілік ағашын және таусылмайтын салтанатты көрсетейін бе?”,- деді. (120)

Сонда екеуі, одан жеді. Дереу ұятты жерлері көрінді. Сондықтан екеуі де үстеріне жаннаттың жапырақтарын жаба бастады. Адам (Ғ.С.) Раббына күнәкар болып, жолдан тайды. (121)

Сонан кейін Раббы оны есіркеп, тәубесін қабыл етіп, тура жолға салды. (122)

Бір-біріңе дұшпан болған бойда жаннаттан түгел түсіңдер. Егер екеуің тарапымнан бір туралық келіп, кім тура жолыма ілессе, сонда ол адаспайды да машақат тартпайды. (123)

Ал кім үгітімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз. (124)

“Раббым, мені неге соқыр етіп тірілттің? Расында мен көретін едім” дейді. (125)

(Алла): “Міне осылай. Өйткені саған аяттарымыз келген еді. Сонда сен оны ұмытқан едің. Сол сияқты бүгін сен де ұмытыларсың” дейді. (126)

Ал міне сөйтіп, шектен шыққан, Раббының аяттарына иман келтірмеген кісіні жазаландырамыз. Әрине ақырет азабы әрі қатты әрі тұрақты. (127)

Оларды жұрттарында жүріп жүрген өздерінен бұрынғы Біз жоқ еткен нәсілдер (дін үлгісі) жолға салмады ма? Рас мұнда ақыл иелеріне өнеге бар. (128)

Егер Раббыңнан бекітілген сөз; белгіленген бір мерзім болмаса, әрине істері біткен болар еді. (129)

(Мұхаммед Ғ.С.) сонда олардың айтқандарына сабыр ет. Күн шығудан бұрын да батудан бұрын да Раббыңды мақтай пәкте. Кеш мезгілдерінде және күндіздің айналасында да пәкте. Мүмкін ризалыққа бөленерсің. (130)

Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы да тұрақты. (131)

Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл. Біз сенен ризық тілемейміз. Сені біз ризықтандырамыз. Соңғы табыс тақуаға тән. (132)

Олар: “Бұл, Раббынан бір мұғжиза неге келтірмейді?”,- деді. Оларға, бұрынғы кітаптарда ашық дәлелдер келмеді ме? (133)

Егер бізге бір елші жіберген болсаң, қор және сорлы болудан бұрын аяттарыңа көнер едік” дер еді. (134)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Бәріміз де соңын күтеміз. Ал сендер де күтіңдер. Таяуда кімнің тура жолға ие екендігін, кімнің тура жол тапқандығын білесіңдер” де. (135)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім