Ра’д сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Мим Ра. Бұл Құранның аяттары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған Раббың тарапынан түсірілген ақиқат. Бірақ адамдардың көбі сенбейді. (1)

Ол сондай Алла, көктерді тірексіз көтерді; көріп тұрсыңдар. Сонсоң ғаршыны меңгеріп, күн мен айды іске қосты. Олардың әрбірі бір белгілі мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Ол, жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар. (2)

Тағы Ол сондай Алла, жерді төсеп, онда асқар таулар, өзендер жаратты. Әрі онда әртүрлі жемістерден екіден жұп етті. Түнді күндізге жабады. Шынында бұнда ойланатын қауым үшін дәлелдер бар. (3)

Жер жүзінде көршілес құрылықтар, жүзім бақшалары, егіндер және ашалы, ашасыз құрманың ағаштары бар. Бәрі бір сумен суарылады да жемістерін бір-бірінен арылтамыз. Сөз жоқ, бұнда түсінген ел үшін дәлелдер бар. (4)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер таңғалсаң олардың: “Біз бір топырақ болған кезде, жаңадан жаратыламыз ба?”, – деген сөздеріне таңырқау керек. Міне бұлар Раббыларына қарсы болғандар. Әрі бұлар мойындарында темір шынжырлар болатындар. Сондай-ақ бұлар тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады. (5)

(Мұхаммед Ғ.С. ажыуа түрінде) олар сенен жақсылықтан бұрын жедел жамандық тілейді. Расында бұлардан бұрын ғибрат аларлық мысалдар өткен болатын. Шәксіз Раббың, адам баласының зұлымдықтарына қарсы жарылқау күшіне ие. Сондай-ақ Раббыңның азабы да қатты. (6)

Сондай қарсы болғандар: “Оған Раббыңнан бір мұғжиза неге келмейді?”-дейді. Шын мәнінде сен бір ескертушісің. Сондай-ақ әр елдің бір жолбасшысы бар. (7)

Алла (Т.) әр ұрғашы жыныстың неге жүкті болғандығын және жатырлардың нені кемітіп, нені арылтқанын (нені туып, нені қойғанын) біледі. Оның жанында әр нәрсе өлшеулі. (8)

(Ол) көместі, көрнеуді білуші. Аса ұлы, өте жоғары. (9)

Сендерден кім сөзді жасырса да жарияласа да және кім түнде жасырынып, күндіз шықса да Аллаға бәрі бірдей. (10)

Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар. Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді. Сондай-ақ егер Алла, бір қауымға бейнет тілесе, Сонда оны ешбір қайтарушы жоқ. Әрі олар үшін Алладан өзге бір жәрдемші де жоқ. (11)

Ол сондай Алла, сендерге қорқу және үміт түрінде найзағайды көрсетіп, жаңбыр толы ауыр бұлттарды пайда қылады. (12)

Көктің гүрілі дәріптеп, періштелер қорқып, Алланы пәктейді. Алла, найзағайларды жіберіп, қалағанына тигізеді. Олар, Алла жайында таласады. Негізінде Алла, орасан күшке ие. (13)

Шынайы тілек Аллаға тән. Олардың Алладан өзге тілегендері, оларға ешбір жауап бермейді. Олар судың ауыздарына келуі үшін алақандарын жайған тәрізді. Тіпті су оған жетіп келмейді. Өйткені, кәпірлердің тілегі мүлде қаңғырыс. (14)

Көктердегі және жердегі әркім әрі көлеңкелері, ерікті, еріксіз түрде ертелі-кеш Аллаға сәжде қылады. (15)

(Мұхаммед Ғ.С.) олардан: “Көктер мен жердің Раббы кім?”, – деп сұра да: “Алла!”, – деп жауап бер. “Алланы қойып, тіпті өздеріне де пайда, зиян келтіре алмайтындарды ие қылып алдыңдар ма?”, – де. “Көрмейтін мен көретін немесе жарық пен қараңғылықтар тең бе?”, – де. Я болмаса, олар Аллаға, Оның жаратқанындай жарататын жаратулары, Алланың жаратуына ұқсас ортақтар қоса ма? (Оларға) айт: “Әр нәрсені жаратушы Алла. Ол жалғыз, аса өктем”. (16)

Ол көктен жаңбыр жаудырды да ойпаттар өз өлшеуі бойынша сел болып, көпірген көбікті қалқытып ақты. Сондай-ақ сәндік-бұйым немесе аспап жасау үшін оған от жағып, еріткен металдарда да сондай көбік болады. Алла ақиқат пен жасандыны осылайша мысалдайды. Ал енді көбік кеуіп, ұшып кетеді де адам баласы пайдаланатын нәрсе жер бетінде тұрып қалады. Осылайша Алла мысал береді. (17)

Раббыларына бағынғандар үшін игілік бар. Ал Оған бағынбағандар, егер біртұтас жер жүзіндегі нәрселер және онымен бірге тағы сондай нәрсе олардікі болса да (өздерін құтқару үшін) төлеуге берер еді. Міне солар үшін есептің жаманы болады. Олардың орындары тозақ; нендей жаман орын. (18)

(Мұхаммед Ғ.С.) шын мәнінде Раббың тарапынан саған түсірілгенді шындық деп білген кісі, соқыр кісімен тең бе? Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. (19)

Олар, сондай Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. (20)

Олар, Алланың жалғастырылуын әмір еткен нәрсесін жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер. (21)

Раббыларының ризалығын іздеп, сабыр еткендер, намазды толық орындап, өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес пайдаландырғандар және жақсылық арқылы жамандықты кетіргендер, міне ақырет жұртының табысы солардікі. (22)

Олар Ғадын атты жаннаттарға кіреді. Аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, олар да кіреді. Періштелер әр есіктен олардың үстіне кіреді. (23)

“Сабыр еткендіктерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы” (дейді). (24)

Сондай, Аллаға берген серттерін бекіткеннен кейін бұзғандар және Алланың, бірлесуін бұйырған нәрселерді бөлгендер әрі жер жүзінде бұзақылық істегендер, міне лағынет осыларға. Сондай-ақ мекеннің жаманы солардікі. (25)

Алла (Т.) қалаған кісісінің несібесін кеңітіп, тарылтады. Олар, дүние тіршілігіне мәз болды. Негізінде дүние тіршілігі; ақыреттің жанында тек қана бір күн көріс. (26)

Қарсы болғандар: “Пайғамбарға, Раббы тарапынан бір белгі неге түсірілмеді?”, – дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): “Расында Алла, кімді қаласа адастырады да өзіне бұрылғанды тура жолға салады” де. (27)

Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады. (28)

Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, шаттық та көркем орын да солардікі. (29)

(Мұхаммед Ғ.С.) осылайша, саған уахи еткенімізді, Аллаға қарсы келгендерге оқуың үшін бір елге жібердік. Одан бұрын да көптеген елдер өткен болатын. Оларға: “Ол, менің Раббым, Одан басқа тәңір жоқ. Оған тәуекел қылдым. Қайтар жерім де Сол” де. (30)

Олар, егер Құран арқылы таулар жүргізіліп, жер бөлшектеніп және өліктер сөйлестірілсе де (сенбейді). Алайда, барлық іс Аллаға тән. Мүміндер аңғармады ма? Алла қаласа еді, адамдарды тұтас тура жолға салар еді. Қарсы болғандарға Алланың уәдесі келгенге дейін қылықтарының салдарынан үнемі соққы жетеді немесе жұрттарының маңына түседі. Күдіксіз Алла серттен таймайды. (31)

Расында сенен бұрын келген пайғамбарлар да тәлкек қылынған болатын. Сонда қарсы болғандарға кеңшілік беріп барып сонсоң оларды қолға алдым. Азабым қандай? (32)

Әркімнің істеген ісін бақылаушы Алла емес пе? Сонда да олар, Аллаға ортақтар қосты. (Мұхаммед Ғ.С.): “Олардың аттарын атаңдар!”, – де. Аллаға жер жүзінде білмейтін бір нәрсенің хабарын беріп отырсыңдар ма? Немесе бос бір сөзбен (ортақ қосасыңдар ма?) Олай емес, кәпірлерге айлакерліктері әдемі көрсетілді де тура жолдан тосылды. (33)

Оларға дүние тіршілігінде азап бар. Әрине ақыретте азабы тағы қатты. Сондай-ақ оларды, Алладан ешбір қорғаушы жоқ. (34)

Сондай тақуалар үшін әзірленген жұмақтың мысалы: астынан өзендер ағады. Оның жемістері және көлеңкелері мәңгілік. Міне, Алладан қорыққандардың соңы. Қарсы келушілердің орны тозақ. (35)

(Мұхаммед Ғ.С.) өздеріне Кітап бергендеріміз саған түсірілген Құранға қуанады. Онымен қатар қарсы топтардан Құранның кей жерін мойындамайтындар да бар. Оларға: “Шын мәнінде Аллаға құлшылық қылуға әрі Оған ешбір ортақ қоспауға бұйырылдым. Мен Ол жаққа шақырамын. Және қайтар жерім де Сол жақ” де. (36)

Осылайша, Құранды, арапша үкім түрінде түсірдік. Саған ғылым келгеннен кейін, олардың көңілдері ауған тарапқа ілессең, сені Алладан арашалайтын бір дос не қорғаушы болмайды. (37)

Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз. Ешбір пайғамбар, Алланың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы. (38)

Алла (Т.) қалағанын өшіреді де қалдырады. Негізгі Кітап, Оның қасында. (39)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға уәде етілген кейбір уақиғаны, саған көрсетсек те, не саған көрсетпей өлтірсек те негізінде саған жалғастыру ғана міндет. Есебі, бізге тән. (40)

Олардың жеріне келіп, әр тараптан кеміткенімізді көрмей ме? Үкімді Алла береді. Оның үкімін тойтарушы жоқ. Ол, есепті тез көруші. (41)

Расында бұлар да, бұлардан бұрынғылар да мекерлік қылған. Дегенмен барлық шаралар Аллаға тән. Алла (Т.) әркімнің не істегенін біледі. Қарсы болушылар жақында дүниенің соңының кімдікі екенін біледі. (42)

Қарсы болғандар: “Сен Пайғамбар емессің” дейді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Мені мен сендердің арамызға куәлік жөнінде Алла және Кітапты білгендер жетік.” де (43)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім