Мумтәхинә сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әй мүміндер! Менің дұшпандарымды да өз дұшпандарыңды да дос тұтпаңдар. Олар, сендерге келген шындыққа қарсы келсе де оларға сүйіспеншілік көрсетесіңдер. Олар, Пайғамбарды да сендерді де Раббыларың Аллаға иман келтірдіңдер, деп жұрттан шығарды. Сендер Менің жолымда ризалығымды іздеп, соғысқа шыққанда, оларға жасырын достық істейсіңдер. Мен көрнеу, көмес істегендеріңді де жақсы білемін. Сендерден кім бұны істесе, расында ол тура жолдан адасты. (1)

Егер олар сендерге үстем келсе, өздеріңе жау болып, сендерге жаман ниетпен қолдарын созып, тілдерін тигізеді. Қарсы болуларыңды қалайды. (2)

Сендерге туыстарың да балаларың да ешбір пайда бермейді. Алла қиямет күні, араларыңды ажыратады. Алла істегендеріңді толық біледі. (3)

Расында сендерге Ыбырайым (Ғ.С.) және онымен бірге болғандар, бір көркем өнеге болды. Сол уақытта, олар елдеріне: “Сендерден де Алладан өзге табынғандарыңнан да бездік. Сендермен арамызға мәңгі дұшпандық, өштік бастады. Сендерге Алланың бірлігіне иман келтіргенге дейін қарсымыз” деген. Бірақ Ыбырайым (Ғ.С.) ның әкесіне: “Әрине сен үшін жарылқау тілеймін. Дегенмен Алладан келетін нәрсеге шамам келмейді” деген болатын. “Раббымыз, Саған тәуекел еттік, Саған қайттық әрі барар жеріміз Сен жақ.” (4)

“Раббымыз! Кәпірлер үшін бізді сынама. Бізді бағышта. Раббымыз! Сен өте үстем, хикмет иесісің.” (5)

Расында сендерге, оларда (Ыбырайым Ғ.С. және сыбайластарында,) Алланы, ақырет күнін үміт еткен кісілер үшін көркем өнеге бар. Ал кім бет бұрса, сонда шүбәсыз Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, аса мақтаулы. (6)

Алланың сендермен дұшпандық еткен кісілердің арасына достық пайда қылуы мүмкін. Алла өте күшті әрі Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді. (7)

Алла (Т.) дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді. (8)

Шын мәнінде Алла (Т.) сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар. (9)

Әй мүміндер! Сендерге мүмін мұһажір әйелдер келсе, оларды сынаңдар. Олардың имандарын Алла жақсы біледі. Сонда егер олардың мүмін әйел екендігін білсеңдер, онда оларды кәпірлерге қайтармаңдар. Бұл әйелдер, оларға халал емес, олар да бұларға халал емес. Олардың бұл әйелдерге берген мәһерлерін өздеріне қайтарып беріңдер. Егер бұл әйелдердің мәһерлерін берсеңдер, оларды, некеленулеріңнің оқасы жоқ. Кәпір қатындарды некелеріңде ұстамаңдар. Кәпір қатындарға берген мәһерлеріңді сұраңдар. Кәпірлер де сендерге келген мүмін қатындарға берген мәһерлерін сұрасын. Бұл сендерге Алланың үкімі. Араларыңа үкім қылады. Алла толық білуші, хикмет иесі. (10)

Егер кейбір әйелдерің мәһерімен кәпірге өтсе, сонда үстемдікке ие болсаңдар; олжадан, кәпірге әйелі кеткендерге кеткен мәһерінің бодауын беріңдер. Иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар. (11)

Әй Пайғамбар! Егер саған мүмін әйелдер, Аллаға еш нәрсені ортақ қоспауға, ұрлық қылмауға, зинашы болмауға балаларын өлтірмеуге, қол-аяқтарының арасынан бір жала жаппауға, (Суық жолдан тапқан баланы өз еріне телімеуге.) және ізгілік істеуге, өзіңе қарсы келмеу үшін келген кезде, олардың (биғаттарын) серттерін қабыл ал. Олар үшін Алладан жарылқау тіле. Өйткені Алла, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді. (12)

Әй мүміндер! Алланың ашуына ұшыраған елді дос тұтпаңдар. Олар кәпірлердің қабырдағылардан күдер үзгеніндей олар, ақиреттен үміт үзген. (13)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім