Ибраһим сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Ра. (Мұхаммед Ғ.С.) Бұл Құран адамдарды, Алланың рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ үстем әрі мақтауға лайық Алланың жолына шығаруың үшін біз саған түсірген бір Кітап. (1)

Ол сондай Алла, көктердегі және жердегі нәрселер Онікі. Кәпірлерге болатын қатты азаптан нендей өкініш! (2)

Олар, сондай ақыретке қарағанда, дүние тіршілігін жақсы көреді. Сондай-ақ Алланың жолынан тосып, оның қисаюын қалайды. Осылар, ұзақ қаңғырыста. (3)

Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп; елінің тілінде ғана жібердік. Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа, тура жолға салады. Ол, өте үстем, аса дана. (4)

Расында Мұса (Ғ.С.) ны: “Еліңді қараңғылықтардан жарыққа шығар. Алланың күндерін ескерт” деп, мұғжизалармен жібердік. Шәксіз мұнда; бейнетке сабыр етіп, нығметке шүкіршілік етушілер үшін өнегелер бар. (5)

Сол уақытта Мұса (Ғ.С.) еліне: “Алланың сендерге берген ырысын еске алыңдар. Өйткені, сендерді Перғауынның сыбайластарынан құтқарды. Олар, сендерді жаман қинаумен ұстаушы еді. Ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қоятын еді. Міне, бұнда сендерге, Раббыларың тарапынан үлкен сынау бар.” (6)

Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады. (7)

Мұса (Ғ.С.): “Сендер және біртұтас жер жүзіндегі әркім қарсы келсеңдер де Алла анық мұңсыз, мақтауға лайық.” (8)

Сендерге өздеріңнен бұрынғы Нұх, Ғад, Сәмүд және сондай-ақ олардан кейінгілердің хабары келмеді ме? Оларды Алла ғана біледі. Оларға пайғамбарлары мұғжизалармен келген еді. Олар саусақтарын ауыздарына апарып (бармақтарын тістеп): “Шынында біз сендер арқылы жіберілген нәрсеге қарсымыз. Сондай-ақ сен бізді шақырған нәрсеге, әлбетте шәкте және күдіктіміз” деді. (9)

Олардың пайғамбарлары: “Көктер мен жерді жаратушы Алла жайында күмәнданасыңдар ма? Ол күнәларыңды жарылқауға және сендерді белгілі бір мерзімге дейін кешіктіруге (кеңшілік етуге) шақырады” деді. (Олар пайғамбарларына): “Сендер де біздей-ақ адамсыңдар. Бізді ата-бабаларымыздың табынған нәрселерінен тосқыларың келе ме? Бізге ашық бір дәлел келтіріңдер” деді. (10)

Пайғамбарлары оларға: “Әрине біз сендер құсаған адам баласымыз. Бірақ Алла (Т) құлдарынан кімді қаласа, соны сыйлыққа бөлейді. Алладан бұйрықсыз біздің сендерге бір мұғжиза келтіруіміз мүмкін емес. Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін” деді. (11)

“Расында, бізге тура жолдарымызды көрсеткен Аллаға сенім артпайтын не болды? Бізге тарттырған жапаларыңа әлбетте сабыр етеміз. Ендеше, Аллаға сенім артушылар тәуекел етсін” (деді). (12)

Ал қарсы болғандар пайғамбарларына: “Әлбетте сендерді жерімізден шығарамыз немесе дінімізге қайтасыңдар” деді. Сондықтан оларға, Раббылары: “Әлбетте залымдарды типыл қыламыз” деп уахи етті. (13)

“Әлбетте ол жерге олардан кейін сендерді орналастырамыз. Бұл құзырымнан сескеніп, ескертуімнен қорыққандығы үшін…”(14)

(Пайғамбарлар) Алладан көмек тіледі де зорекер қасарысқанның барлығы зиянға ұшырады. (15)

Оларға оның артынан тозақ бар. Және іріңнің суы ішкізіледі. (16)

Оны жұтуға тырысады, оны тамағынан өткізе алмайды. Сондай-ақ оған әр тараптан өлім келеді. Ол өле алмайды. Тағы оның артынан ауыр азап келеді. (17)

Сондай Раббыларына қарсы келгендердің амалдарының мысалы; Боранды күнде жел ұшырған күл сияқты. Еңбектерінен ешбір пайда көре алмайды. Міне! Осы, ұзақ қаңғырыс. (18)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алланың көктер мен жерді шындық бойынша жаратқанын көрмедің бе? Егер қаласа, сендерді кетіріп, жаңадан халық келтіреді. (19)

Бұл Алла (Т.) ға елеулі жұмыс емес. (20)

Барлығы Алланың құзырына шығып, сонда нашарлары, үлкенсігендерге: “Біз сендерге еріп едік. Ал сендер, бізден Алланың азабынан еш нәрсе кетіре аласыңдар ма?”, – дейді. Олар: “Алла бізді егер оңғарған болса еді, әрине біз де сендерді оңғарар едік. Енді біз бай-байласақ та шыдасақ та бәрі бір. Құтылар жеріміз жоқ” дейді. (21)

Іс біткен заман шайтан: “Расында Алла сендерге шындықты уәде етті. Сондай-ақ мен де сендерге уәде етіп, опасыздық еттім. Негізінде, сендерді шақырғаннан басқа өктемшілігім жоқ еді. Сонда да шақыруымды қабыл алдыңдар. Ендеше, мені сөкпеңдер де өздеріңді сөгіңдер. Мен сендерді құтқара алмаймын. Сондай-ақ сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Расында, бұрыннан да мені Аллаға ортақ қосуларыңа қарсы едім” дейді. Сөз жоқ залымдарға жан түршігерлік азап бар. (22)

Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер, Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жаннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары “сәлем” болады. (23)

(Мұхаммед Ғ.С.) көрмейсің бе? Алла қандай мысал берді: Көркем сөз, тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді. (24)

Ол (ағаш) Алланың бұйрығынша, әр уақыт жемісін береді. Алла (Т.) адам баласына насихат алуы үшін мысал келтірді. (25)

Ал енді (Аллаға серік қатылған) жаман сөз, жердің бетінен қопарылған орнықсыз ағаш сияқты. (26)

Алла (Т.) сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді. Алла залымдарды адастырады. Сондай-ақ Алла қалағанын істейді. (27)

(Мұхаммед Ғ.С.) сондай Алланың нығметтеріне шүкір етуді, қарсы болуға ауыстырған және қауымдарын, құритын жұртқа итергендерді көрмейсің бе? (28)

Олардың жұрты жаһаннам нендей жаман орын. (29)

Олар, жолдан адастыру үшін Аллаға теңдестер жасайды. Оларға: “Күн көре тұрыңдар! Қайтар орындарың тозақ” де. (30)

Сондай иман келтірген құлдарыма айт: “Намазды толық орындасын. Сондай-ақ бір нәрсені айырбастауға және достық болмайтын бір күннің келуінен бұрын өздеріне берген несібемізден тиісті орынға көрнеу, көмес жұмсасын”. (31)

Сондай Алла (Т.) көктер мен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін өнімдерді шығарды. Онымен қатар өз әмірімен теңізде жүргізу үшін кемелерді еріктеріңе берді. Әрі өзендерді де сендерге бағындырды. (32)

Ол Алла (Т.) сендердің пайдаларың үшін, тұрақты түрде күн мен айды іске қосып, түн мен күндізді де іске қосты. (33)

Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз. (34)

(Мұхаммед Ғ.С) сол уақытта Ыбырайым (Ғ.С.): “Раббым! Осы Мекке қаласын бейбіт қыл! Мені және ұлдарымды пұттарға шоқынудан ұзақ қыл!” (35)

“Раббым, олар адамдардың көбін адастырды. Ал енді біреу маған ерсе, рас ол менен. Тағы біреу маған қарсы келсе онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің”. (36)

“Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағба)ның жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын! Енді адамдардың көңілін оларға ауатын қыл! Сондай-ақ оларды, жемістермен ризықтандыр! Әрине олар шүкіршілік етер”. (37)

“Раббымыз! Күдіксіз, Сен жасырын, әшкерелерімізді білесің. Жердегі, көктегі нәрселер Аллаға жасырын емес”. (38)

“Барлық мақтау маған қартайған шағымда Ысмайыл мен Ысхақты берген Аллаға тән. Күдіксіз Раббым тілекті естуші”. (39)

“Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы қыл! Раббымыз! Тілегімді қабыл айла!” (40)

“Раббымыз! Есеп құрылатын күні, мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа!”, – (деді). (41)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла (Т.) залымдардың істегендерінен кәперсіз деп әсте ойлама! Шынында Алла, оларды көздер шарасынан шығатын бір күнге дейін кешеулетеді. (42)

(Сол күні) олар бастарын қақшитып, олардың көздері өздеріне де қайрылмай және жүректері ұшып, жүгіріп бара жатады. (43)

Адамдарды, оларға азап келетін күннен қорқыт! Сондай залымдық қылғандар (сол күні): “Раббымыз! Бізді жақын бір мерзімге дейін кешіктір. Шақыруыңды мақұлдап, пайғамбарларыңа ерейік” дейді. (Оларға): “Бұрын өздеріңе ешбір зауал болмайтынына ант ішпеп пе едіңдер?”, – (делінеді). (44)

Сендер өздеріне зұлымдық қылғандардың жұрттарында отырдыңдар. Оларға қалай істегеніміз сендерге аян болды. Сендерге өнегелі мысалдар бердік. (45)

Олар түрлі мекерлік істеді. Негізінде олардың мекерліктері тіпті тауларды қозғалтатын болса да мекерліктерін Алла іске асырмайды. (46)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла пайғамбарларына еткен уәдесінен таяды деп ойлама! Шәксіз Алла өте үстем, өш алу күшіне ие. (47)

О күні, жер басқа жерге, көктер де басқаға ауыстырылады. Әлем, жалғыз, өктем Алланың құзырына шығады. (48)

Сол күні, күнәкарлардың шынжырларға маталғанын көресің. (49)

Олардың көйлектері қара майдан болады да олардың беттерін от шалады. (50)

Өстіп, Алла тез есептеуші. (51)

Бұл (Құран) адам баласына бір құлақтандыру. Бұл арқылы сескенсін және шын мәнінде Алланың жалғыз Тәңір екенін білсін. Әрі ақыл иелері үгіт алсын. (52)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім