Луқман сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Мим. (1)

Міне бұл, хикметті Кітаптың аяттары. (2)

Тура жол; мәрхамет, жақсылық істеушілер үшін. (3)

Сондай олар намазды толық орындап, зекет береді. Сондай-ақ олар ақыретке толық нанады. (4)

Міне солар, Раббылары тарапынан тура жолда, сондай-ақ олар құтылушылар. (5)

Адамдардың түк білмесе де Алланың жолынан адастыру және тәлкекке алу үшін ертегіге айырбастап алғандар бар. Міне солар үшін қорлаушы азап бар. (6)

Оған аяттарымыз оқылған сәтте, оны естімегендей тіпті құлақтарында тығын бардай паңсып теріс айналады. Оны күйзелтуші азаппен қуандыр. (7)

Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендер, олар үшін нығметі түгемейтін бақшалар бар. (8)

Онда олар мәңгі қалады. Алланың уәдесі хақ. Ол, өте үстем, хикмет иесі. (9)

Сендер, тіреусіз көрген көкті жаратты да сендерді теңселтеді деп, жер бетіне асқар тауларды қойды. Сондай-ақ бүкіл жандықты өргізді де көктен жаңбыр жаудырып, онда әр түрлі көркем парымен өсімдіктерді өсірдік. (10)

Бұл Алланың жаратқаны. Ал Алладан өзгенің не жаратқанын Маған көрсетіңдерші! Әрине залымдар ашық адасуда. (11)

Рас Лұқманға шүкірлік етуі үшін даналық бердік. Кім шүкір етсе, өзі үшін шүкір етеді. Ал кім нәсүкірлік етсе, сонда да Алла мұңсыз, мақтауға лайық. (12)

Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: “Әй ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу зор зұлымдық” деді. (13)

Адамдарға; ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ. (14)

Егер екеуі білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуға зорласа, Оларға бағынба! Олармен дүниеде дұрыс жолдас бол да Маған құштар адамдардың жолына түс. Сосын барар орындарың Мен жақ; сонда істеген істеріңді баян етемін. (15)

(Лұқман): “Әй ұлым! Тарының салмағындай болса да бір жар тастың ішінде болса да көктерде не жерде болса да Алла оны (қиямет күні) келтіреді. Расында Алла өте мүлайым, толық білуші.” (16)

“Әй ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден.” (17)

“Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді.” (18)

“Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы.” (19)

Көрдіңдер ме? Рас Алла (Т.) сендерге көктердегі, жердегі нәрселерді бой ұсындырды. Және сендерге көрнеу, көмес нығметтерін толықтасырды. Сонда да ешбір білімі, тура жолы не нұрландырушы кітабы болмаған кейбір адамдар, Алла жайында таласады. (20)

Қашан оларға: “Алланың түсірген нәрсесіне ілесіңдер” делінсе, олар: “Жоқ, аталарымызды тапқан нәрсеге ілесеміз” дейді. Егер шайтан оларды жалындаған азапқа шақырса да ма? (21)

Кім өзін Аллаға тапсырып, игілік істесе, сонда ол; расында берік тұтқаны ұстаған болады. Бүкіл істердің соңы Аллаға тән. (22)

(Мұхаммед Ғ.С.) кім қарсы келсе, сонда оның қарсылығы сені кейітпесін. Олардың қайтар жері Біз. Сонда оларға не істегендерін баян етеміз. Расында Алла, көкіректегілерді толық біледі. (23)

Оларды аз пайдаландырып, сосын ауыр азапқа зорлаймыз. (24)

(Мұхаммед Ғ.С.) Егер олардан: “Көктер мен жерді жаратқан кім?”,-деп сұрасаң, әлбетте: “Алла” дейді. “Барлық мақтау Аллаға тән” де. Әрине олардың көбі түсінбейді. (25)

Көктер мен жерде болған нәрселер Алланікі. Рас Алла бай, мақтауға лайық. (26)

Рас егер жер жүзіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла, өте үстем, хикмет иесі. (27)

Сендердің жаратылуларың да тірілтілулерің де бір-ақ кісідей ғана. Расында Алла, аса естуші, тым көруші. (28)

Көрмедің бе? Расында Алла, түнді күндізге қосып, күндізді түнге қосады. Сондай-ақ күн мен айды бағындырды. Барлығы белгілі бір мерзімге дейін жүреді. Рас Алла, олардың істегендерін толық білуші. (29)

Міне шәксіз Алла Ол, хақ. Сөз жоқ, олардың Алладан өзге жалбарынғандары босқа. Күдіксіз Алла, Ол өте жоғары, аса ұлы. (30)

Көрмедің бе? Рас кеме теңізде Алланың ілтипатымен сендерге Оның деректерін көрсету үшін жүреді. Рас осыларда тым сабырлы, өте шүкір етушілердің барлығына белгілер бар. (31)

Қашан оларды таулардай толқын орап алса, дінге деген нағыз ықыласпен Алладан тілейді. Ал қашан Алла, оларды құтқарып, қырға шығарса, олардың кейбіреуі орташа болады. Негізінде аяттарымызға біртұтас опасыз қасарысқандар ғана қарсы келеді. (32)

Әй адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар және ешбір әке; баласы тарапынан бодау төлемейтін сондай-ақ ешбір бала да; әкесі тарапынан түк бермейтін күннен де қорқыңдар. Күдіксіз Алланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ өте алдаушы ол, (шайтан да) Алла турасында алдамасын. (33)

Әрине қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол жатырлардағыны біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла (Т.) толық білуші, хабар алушы. (34)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім