Мәриәм сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Кәф Һә Иә ‘Айн Сад. (1)

(Мұхаммед Ғ.С.) Бұл Раббыңның құлы Зәкерия (Ғ.С.) ға мәрхаметінің естелігі. (2)

Ал бір заманда ол, Раббына құпия дауыспен жалбарынған еді. (3)

“Раббым! Сүйегім қаусап, басым ағарған. Дегенмен саған қойған тілегім, босқа кетпеген еді” деді. (4)

“Шынында мен өзімнен кейінгі жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қорқамын. Сондай-ақ жұбайым кемпір. Сонда да маған өз қасыңнан бір мұрагер бере көр!” (5)

“Ол, маған да мұрагер болып, әрі Яғқұп ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым оны ризалығыңа бөле!” (6)

(Алла): “Әй Зәкерия! Расында сені бір ұл арқылы қуантамыз. Аты Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік.” (7)

(Зәкерия): “Раббым! Менің ұлым қалайша болады! Жұбайым кемпір. Расында өзім де кәріліктен қурадым” деді. (8)

“Міне солайша” деді. Бірақ Раббың: “Ол маған оңай. Өйткені, сені бұрын жаратқанымда дәнеңе емес едің” деді. (9)

“Раббым маған бір белгі бер” деді. (Алла): “Сенің белгің: сап-сау бола тұра үш тәулік адамдармен сөйлесе алмайсың” деді. (10)

Сонда (Зәкерия) михраптан шығып, қауымына: “Ертелі-кеш Алланы дәріптеңдер” деп нұсқады. (11)

“Әй Яхия! Кітапты мықты ұста” деп, сәбилігінде-ақ даналық берген едік. (12)

Әрі оған өз қасымыздан мұлайымдық, күнәдан тазалық бердік. Өзі де тақуа еді. (13)

Әрі әке-шешесіне де мейірімді еді. Зоракер, күнәкар емес еді. (14)

Оған туылған күні, өлетін күні және тірі тұрғызылатын күні амандық болсын. (15)

(Мұхаммед Ғ.С.) Құрандағы Мәриямды айтып бер. Сол уақытта ол, тұрған үйінің шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды. (16)

Сонда олардың бер жағынан шымылдық ұстап қойған еді. Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді. (17)

(Мәриям): “Егер сен тақуа болсаң да сенен Аллаға сиынамын” деді. (18)

(Рух): “Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін” деді. (19)

Мәриям: “Маған бір адам жұғыспаса, маған қалайша бала болады? Сондай-ақ суық жолда болмасам” деді. (20)

(Жебірейіл Ғ.С.): “Ол, солайша” деді. Өйткені, Раббың: “Бұл Маған оңай. Мен тараптан адам баласына бір үлгі әрі бір мәрхамет. Бұл біткен бір іс еді” деді. (21)

Мәриям; ол балаға жүкті болып, соныменен ұзақ бір жерге кетті. (22)

Сонда оны толғақ қысып, құрма ағашының түбіне барды да: “Әттең-ай! Мен бұдан бұрын өліп қана мүлде ұмытылып кеткен болсам еді” деді. (23)

(Періште) оның астыңғы жағынан: “Кейіме, Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты” деп дабыстады. (24)

“Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілк. Саған жас құрма түседі” (деген үн келді). (25)

Ал енді же де, іш. Көз айым бол! Егер адамдардан біреу көрсең: “Аса қамқор Алла үшін ораза атадым. Сондықтан бүгін еш адаммен сөйлеспеймін” де. (26)

Сонда баланы көтеріп еліне келді. Олар: “Әй Мәриям! Расында сен өрескел бір нәрсе келтірдің” деді. (27)

“Әй һарұнның қарындасы! Әкең де жаман кісі емес, шешең де жаман жолда емес еді.” (28)

Мәриям баланы көрсетті. Олар: “Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?”,- деді. (29)

(Бала): “Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды” деді. (30)

“Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды.” (31)

“(Мені) шешеме мейірімді етіп, бір зоракер және қиқар қылмады.” (32)

“Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады.” (33)

Міне осы: Олар шүбәланған Мәриям ұлы Ғиса (Ғ.С) жайындағы Алланың хақ сөзі. (34)

Алланың баласы болуы мүмкін емес. Алла (Т.) одан мүлде пәк. Ол, бір істің болуын қаласа, тек қана оған “бол” дейді. Сонда ол, бола қалады. (35)

“Күдіксіз Алла, менің де Раббым әрі сендердің де Раббыларың. Онда Оған ғана құлшылық қылыңдар. Тура жол осы.” (36)

Алайда, (Яһуди, Христиан) топтары өзара таласты. Қарсы болғандарға, ұлы бір күннің келуінде нендей өкініш. (37)

Олар, алдымызға келген күні, нақ естиді де көреді. Бірақ залымдар, бүгін ашық түрде адасуда. (38)

(Мұхаммед Ғ.С.) ол сенбей селқостықта болғандарға, олар үшін іс бітіп кететін қасырет күнін ескерт. (39)

Расында біз жерге де ондағыларға да мұрагер боламыз. Және олар біз жаққа қайтарылады. (40)

(Мұхаммед Ғ.С.) Кітаптағы Ыбырайым (Ғ.С.) ды есіңе ал. Негізінде ол турашыл пайғамбар еді. (41)

Сол уақытта әкесіне: “Әй әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге шоқынасың?”,- деді. (42)

“Әй әкетайым! Расында маған, саған келмеген білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға салайын.” (43)

“Әй әкетайым! Шайтанға шоқынба! Өйткені, шайтан, Аллаға қарсы болған.” (44)

Әй әкетайым! Сені Алла жағынан азап қолға алып, шайтанға дос болып, қалуыңнан қорқамын.” (45)

Әкесі: “Әй Ыбырайым! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер, оны қоймасаң, әрине сені таспен атамын. Сондай-ақ өзің менен аулақ бол” деді. (46)

(Ыбырайым Ғ.С.): “Саған амандық болсын. Сені Раббымның жарылқауын тілеймін. Өйткені, Ол, өте мейірімді” деді. (47)

Мен сендерден де, Алладан өзге шоқынғандарыңнан да араны ашып, Раббыма жалбарынамын. Сондай-ақ Раббыма жалбарынсам, бос қалмауымнан үміткермін.” (48)

(Ыбырайым Ғ.С.) олардан, олардың Алладан өзге табынғандарынан да ажыраған кезде, оған Ысхақ пен Яғқұпты беріп, әрқайсысын пайғамбар қылдық. (49)

Оларға рахметімізден бағыш етіп, оларды әр тілде жоғары бағалаттық. (50)

(Мұхаммед Ғ.С.) Кітаптағы Мұса (Ғ.С.) ны есіңе ал. Рас ол, ықыласты әрі жіберілген пайғамбар еді. (51)

Оған Тұр тауының оң жағынан дыбыстап, сөйлесу үшін өзімізге жақындаттық. (52)

Әрі мәрхаметімізбен туысы Һарұнды, өзіне пайғамбар етіп бердік. (53)

(Мұхаммед Ғ.С.) Құрандағы Ысмайыл (Ғ.С.) ды есіңе ал. Шынында ол, уәдесіне берік әрі жіберілген бір пайғамбар еді. (54)

Үй-ішіне, намазбен зекетті орындауды бұйыратын еді. Сондай-ақ Раббының қасында сүйікті еді. (55)

(Мұхаммед Ғ.С.) Кітаптағы Ыдырыс (Ғ.С.) ды ескер. Өйткені, ол шыншыл бір пайғамбар еді. (56)

Оны жоғары орынға көтердік. (57)

Міне бұлар, Алла, өздерін нығметке бөлеген пайғамбарлар. Адам (Ғ.С.) ның және Нұх (Ғ.С.) пен бірге (кемеде) тасығандарымыздың ұрпағынан әрі Ыбырайым (Ғ.С.) және Исраилдың, ұрпағынан тура жол көрсетіп, таңдаған кісілерімізден. Оларға Алланың аяттары оқылған сәтте, жылаған бойда сәждеге жығылады. (58)

Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына, намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында (қияметте) адасуларының сазайын тартады. (59)

Бірақ кім тәубе қылып, иман келтірген түрде түзу іс істесе, міне солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жаннатқа кіреді. (60)

Ол, аса қамқор Алланың құпия түрде құлдарына уәде еткен (Ғадын) жаннаттары. Расында Оның уәдесі орындалады. (61)

Олар жаннатта сәлемнен басқа бос сөз естімейді. Және оларға жаннатта ертелі-кеш несібе бар. (62)

Құлдарымыздан біреу тақуа болса, соны мұрагер ететін пейіш осы. (63)

(Жебрейіл Ғ.С.): “Раббымның әмірімен ғана түсеміз. Алды-артымдағы және екі арадағы жағдайларды білу Оған тән. Сондай-ақ Раббың ұмытпайды. (64)

Ол, көктер мен жердің екі арасындағылардың Раббы. Сондықтан Соған құлшылықта сабырлы бол. Сол аттас білетінің бар ма? (65)

Адам баласы: “Мен өлген уақытта тіріліп, ортаға шығарыламын ба?”,-дейді. (66)

Ал адам баласы, өзін алғаш жаратқанымызда, дәнеңе емес екенін ойламай ма? (67)

Раббыңа серт! Әлбетте оларды да шайтандарын да жинаймыз. Сонан соң тозақтың айналасына тізерлетіп, оларды әзірлейміз. (68)

Сонан кейін әрбір топтан Аллаға қайсысы қатты қарсы келгенін ортаға шығарамыз. (69)

Сосын әрине олардан тозаққа лайық болғанын жақсы білеміз. (70)

Сендерден тозаққа келмейтін (сыраттан өтпейтін) ешкім болмайды. (Бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. (71)

Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозақта жүгіндіріп қоямыз. (72)

Өздеріне ашық түрде аяттарымыз оқылған заман; кәпірлер, (байлықтарын салғастырып) мүміндерге: “Екі топтың қайсысы жағдайда жақсы, жиналыста көркем?”,- деді. (73)

Бұлардан бұрынғы нәсілден талайды жоқ еттік. Олар, дүниелікте әрі көріністе бұлардан артық еді. (74)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Кім адасқан болса, Алла оны мүлде созып қояды да ақыр өздеріне уәде етілген азапты не қияметті көрген сәтте, олар кімнің орны жаман, сыбайластары әлсіз екенін біледі” де. (75)

Алла (Т.) тура жол тапқандарға туралықты арттырады. Тұрақты игілік; Раббыңның, қасында сауап тұрғысынан жақсы да нәтиже бойынша қайырлы. (76)

(Мұхаммед Ғ.С.) аяттарымызға қарсы келіп: “Әлбетте маған мал, бала беріледі” дегенді көрдің бе? (77)

Ол, көместі білді ме? Немесе Алладан уәде алды ма? (78)

Әсте олай емес. Оның айтқанын жазамыз да оған азапты арттырған сайын арттырамыз. (79)

Сондай-ақ оның айтқанына Біз ие боламыз да ол бізге жалғыз келеді. (80)

Олар өздеріне абырой үшін Алладан өзге тәңір жасап алды. (81)

Олай емес, тәңірлері олардың табынуларына қарсы шығып, өздеріне теріс келеді. (82)

(Мұхаммед Ғ.С.) көрмедің бе? Кәпірлерге, оларға түрткі салатын шайтандарды жібердік. (83)

Олар үшін асықпа. Шынайы түрде олардың күнін санаудамыз. (84)

Сол күні, тақуаларды Рахманның құзырына қонақ түрінде жинаймыз. (85)

Күнәкарларды шөлдеген түрде тозаққа айдаймыз. (86)

Рахманның қасында уәде алғаннан басқа ешкім шапағат ету күшіне ие бола алмайды. (87)

Олар: “Алла, бала иемденді” десті. (88)

Расында өрескел нәрсе сөйледіңдер. (89)

Бұдан көктер шатынай, жер жарыла, таулар құлап түсе жаздайды. (90)

Аллаға бала ұйғарғандықтарынан. (91)

Негізінен Аллаға бала лайық емес. (92)

Көктер мен жердегі әркім Аллаға ғана құл болып келеді. (93)

Расында Алла, оларды түгендеп, бір-бірлеп санын біледі. (94)

Сондай-ақ олардың барлығы Оған жеке-жеке келеді. (95)

Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендерге; Алла, сүйіспеншілік береді. (96)

(Мұхаммед Ғ.С.) Құранды, ол арқылы тақуаларды қуантып, қасарысқан елді қорқытуың үшін өз тіліңде оңайластырып түсірдік. (97)

Олардан қаншалаған нәсілді жоқ еттік. Енді олардың ешбіреуін сезініп, сыбдырларын естисің бе? (98)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім