Әли Имран сүресі

Мәтінде қандай да бір қателіктер байқасаңыздар
хабарласуыңызды өтінеміз: kzkuran.kz

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Мим. (1)

Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші. (2)

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла (Т.) саған, алдындағыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді. Және Тәурат, Інжілді түсірді. (3)

Бұрын адамдарға тура жол еді. Және парық қылатын мұғжизаны түсірді. Расында Алланың аяттарына қарсы келгендер үшін қатты азап бар. Алла, өте үстем, өш алу күшіне ие. (4)

Шын мәнінде Алла (Т.) ға жердегі, көктегі еш нәрсе жасырын емес. (5)

Ол сондай Алла (Т.) сендерді жатырларда қалауынша бейнелейді. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Өте үстем, хикмет иесі. (6)

Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректеріңде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. (7)

Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Және бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз Сен өте берегенсің. (8)

Раббымыз! Расында Сен күдіксіз келетін бір күнде адамдарды жинаушысың. Сөз жоқ, Алла уәдесінен айнымайды. (9)

Расында сондай қарсы болғандардың балалары, малдары Алладан (келетін) еш нәрсеге төтеп бере алмайды. Міне солар тозақтың отындары. (10)

Әдеттері; Перғауынның сыбайластарыныкі және олардан бұрынғылардікі тәрізді. Олар аятттарымызды жасынға шығарған. Сонда Алла оларды күнәлары себепті азаптаған. Алланың азабы қатты. (11)

(Мұхаммед Ғ.С.) сондай қарсы болғандарға: «Тез жеңілесіңдер де тозаққа жиналасыңдар. Нендей жаман орын.» де (12)

(Бәдір соғысындағы) екі топтың қарсыласуында сендерге бір ғибрат бар. Бір топ Алла жолында соғысады. Екінші жақ қарсы еді. Олар Мұсылмандарды, көздерімен, өздеріндей екі есе көруде еді. (Негізінде Мұсылмандар, үш жүз он үш, кәпірлер мыңдай еді) Алла кімді қаласа, өз жәрдемімен қолдайды. Расында бұнда қырағылар үшін әрине ғибрат бар. (13)

Адам баласы үшін қатындар, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді қызыға сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні. Негізінде орынның жақсысы Алланың қасында. (14)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Сендерге бұларыңнан да жақсы нәрседен хабар берейін бе?»,- де. Сондай тақуалар үшін Алланың қасында астарынан өзендер ағатын, онда мәңгі тұратын бақшалар сондай-ақ тап-таза жұбайлар әрі Алланың ризалығы бар. Алла (Т.) құлдарын толық көруші. (15)

Сондай : «Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізды жарылқа да от азабынан сақта» дегендер; (16)

Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бой ұсынушылар, Алла жолында мал сарып қылушылар және таң сәріден жарылқану тілеушілер, (таң намазын оқушылар,) (17)

Алла (Т.), періштелер және әділет үстінде тұрушы ғылым иелері, расында тым үстем, хикмет иесі Алладан басқа ешбір тәңір жоқтығына куәлік берді. (18)

Алланың қасында шынайы дін Ислам. Сондай Кітап берілгендер, өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күншілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Алла тез есеп көруші. (19)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенімен сөз таластыруға кіріссе: «Өзімді Аллаға тапсырдым әрі маған ергендерді де» де. Сондай-ақ кітап берілгендерге де надандарға да: «Исламды қабыл еттіңдер ме?»,- де. Егер олар исламды қабыл етсе, тура жол табар еді. Ал егер олар бет бұрса, саған жалғастыру ғана міндет. Алла құлдарын нақ көруші. (20)

Алланың аяттарына қарсы келгендер және жазықсыз пайғамбарларды өлтіргендер, сондай-ақ адамдарға туралықты әмір еткендерді өлтіргендер, соларды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. (21)

Міне солар дүниеде де ақиретте де амалдары жойылғандар. Сондай-ақ олар үшін жәрдемші жоқ. (22)

(Мұхаммед Ғ.С.) сондай кітаптардан үлес берілгендердің араларына үкім беру үшін Алланың Кітабына шақырылғандарды көрмейсің бе? Соңсоң олардың бір бөлімі Одан бет бұрады. Сондай-ақ олар ұдайы бет бұрушы. (23)

Бұл олардың: «Бізге тозақ оты, санаулы күндер ғана соқтығады» дегендіктері себепті. Дін жайындағы жасанды нәрселері оларды алдады. (24)

Болуы шәксіз күнде жинағанымызда сондай-ақ әркімге әділетсіздік етілмей еңбектері толық берілгенде, жағдайлары қалай болар еді?….(25)

(Мұхаммед Ғ.С.) : «Әй мүлік иесі Алла! Кімге қаласаң мүлік бересің де кімнен қаласаң, дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың да кімді қаласаң қорлайсың. Жақсылық Сенің қолыңда. Шәксіз әр нәрсеге күшің жетеді» деп айт. (26)

Түнді күндізге айналдырасың да күндізді түнге айналдырасың. Сондай-ақ өліден тіріні шығарып, тіріден өліні шығарасың. Және кімді қаласаң сансыз несібе бересің. (27)

Мүміндер, мүміндерден өзге кәпірлерді дос тұтпасын. Әлдекім осыны істесе, Аллаға еш нәрседе байланысы жоқ. Бірақ олардан сақтану үшін болса басқа. Алла сендерді өзі қорқытады. Және барар орын Алла жақ. (28)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Көңілдеріңде бір нәрсені жасырсаңдар да жарияласаңдар да Алла оны біледі. Әрі Алланың барлық нәрсеге толық күші жетуші» де. (29)

Сол күні әркім істеген игілігін әзір табады да істеген жамандығының арасымен өз арасының ұзақ қашықтықта болуын қалайды. Алла сендерді өзі сақсындырады. Алла (Т.) құлдарына тым жұмсақ. (30)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де. (31)

Және оларға: «Аллаға әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар» де. Егер олар бет бұрса, сонда Алла қарсы болушыларды сүймейді. (32)

Негізінен Алла (Т.) Адам мен Нұх (Ғ.С.) ты және Ыбырайым (Ғ.С.) мен Ғымранның жұрағатын әлемдерге ардақты қылды. (33)

(Бұлар) бір-бірінен тараған ұрпақ. Алла әр нәрсені естуші, білуші. (34)

Ғымранның жұбайы (Фақуза қызы Ханна): «Раббым! Ішімдегіні азат қылған түрде Саған арнадым, менен қабыл айла! Расында Сен өзің аса естуші, білушісің» деді. (35)

Сонда ол, қыз тапқан сәтте: «Раббым! Шынында мен қыз таптым» деді. Алла оның не тапқанын біледі. Ұл, қыздай емес. «Мен оның атын Мәриям қойдым. Оны да ұрпағын да шайтаннан Саған сиындырамын» деді. (36)

Сонда оны Раббы жақсы қабылдап, көркем өсірумен өсірді және оған Зәкерияны (Ғ.С.) ие қылды. Зәкерия оның хұжырасына әр кіргенде оның қасында қорек тапты. «Әй Мәриям! Осы саған қайдан келді?»,- деді. Мәриям: «Ол Алланың қасынан, шәксіз Алла қалаған құлын есепсіз ризықтандырады» деді. (37)

Сол арада Зәкерия (Ғ.С.) Раббына жалбарынды: «Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Шәксіз Сен тілекті естушісін» деді. (38)

Зәкерия (Ғ.С.) хұжырада намаз оқып тұрғанда, періштелер оған: «Расында Алла (Т.) саған, Алладан болған әмірді (Ғиса Ғ.С.ды) растаушы, ел ағасы, нәпсіне ие, игілерден бір Пайғамбар болатын Яхиямен қуанышқа бөлейді» деп дауыстады. (39)

(Зәкерия Ғ.С.): «Раббым! Менің ұлым қалайша болады? Негізінен өзіме кәрілік жетті. Әйелім бедеу» деді. «Осылайша Алла қалағанын істейді» (делінген жауап алды.) (40)

«Раббым! Маған бір белгі көрсет» деді. «Белгің; үш күн адамдармен ымдап қана сөйлесуің. Раббыңды көп зікір ет те ертелі-кеш дәріпте» деді. (41)

Сол уақытта періштелер: «Әй Мерйем! Шәксіз, Алла сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды» деді. (42)

«Әй Мәриям! Раббыңа бой ұсын, сәжде ет және рүкүғ қылушылармен бірге рүкүғ қыл.» (43)

(Мұхаммед Ғ.С.) міне бұл саған біз уахи етіп отырған көмес хабарлардан. Олардың қайсысы Мәриямге ие болады деп, қаламдарын (шар) салған кезде, қастарында жоқ едің. Сондай-ақ олар таласқан сәтте де алдарында емес едің. (44)

Сол уақытта періштелер: «Әй Мәриям! Расында Алла сені өз тарапынан бір сөзбен қуантады; оның аты Мәсих Ғиса Мәриям ұлы, дүние ақиретте беделді сондай-ақ Аллаға жақындардан болады» деді. (45)

Бесікте және ержеткенде адамдарға сөйлейді. Әрі игілерден болады. (46)

Мәриям: «Раббым! Маған бір адам тиіспесе сонда балам қалайша болады!»,- деді. (Періштелер): «Солайша Алла қалағанын жаратады» деді. Қашан бір істің болуын қаласа, тек қана оны «бол» дейді, Сонда ол, бола қалады. (47)

Алла (Т.) оған кітапты, хикметті және Тәурат, Інжілді үйретеді. (48)

Сондай-ақ оны Израил ұрпақтарына елші қылады: «Шын мәнінде сендерге Раббыларыңнан мұғжизамен келдім. Сендерге құстың мүсіні сияқты жасап, оны үрлеймін. Сонда Алланың бұйрығынша құс болады. Және Алланың бұйрығынша, анадан тума соқырды, аламесті жазып, өлікті тірілтемін әрі үйлеріңде не жеп нені қойғандарыңнан хабар беремін. Расында бұл жағдайда сендер үшін әрине үлгі бар. Егер иман келтірген болсаңдар.» (49)

«Сондай-ақ сендерге алдымдағы Тәуратты растаушы әрі Раббыларыңнан сендерге арам етілген кей нәрселерді халал ететін аят келтірдім. Алладан қорқыңдар да маған бой ұсыныңдар» (деді.) (50)

«Негізінен Алла менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Оған құлшылық қылындар, тура жол осы» (51)

Сонда Ғиса (Ғ.С.) олардан қарсылық сезген кезде: «Алла жолында жәрдемшім кім?»,- деді. Хауарилер: «Біздер Алла үшін көмекшіміз, Аллаға иман келтірдік, куә бол, шынайы мұсылманбыз» деді. (52)

«Раббымыз! Түсіргеніңе иман келтіріп, Пайғамбарға ердік; енді бізді куә болушылар мен бірге жаз» (53)

Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла тәсілшілердің жақсысы. (54)

Сол уақытта Алла: «Әй Ғиса! Сені Мен алушымын! Сондай-ақ өз тарапыма көтерушімін әрі қарсы болғандардан тазартушымын да саған ілескендерді қияметке дейін қарсы болғандарға үстем қыламын. Сонсоң қайтар жерлерің Мен жақ! Сонда таласқан нәрселеріңе үкім беремін» деді. (55)

«Ал енді сондай қарсы келгендерді, дүниеде де ақыретте де өздерін қатты азаппен қинаймын әрі олар үшін ешбір жәрдемші болмайды» (56)

Және сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, сондай олардың сыйлықтары толық беріледі. Алла залымдарды жақсы көрмейді. (57)

(Мұхаммед Ғ.С.) міне осыны саған аяттардан, хикметті насихаттардан оқимыз. (58)

Шын мәнінде Алла қасында Ғиса (Ғ.С.) ның жағдайы: Өзін топырақтан жаратып, сонсоң «бол» дегенде бола қалған Адам (Ғ.С.) ның жағдайы сияқты. (59)

(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңнан бір хақиқат. Енді күдіктенушілерден болма. (60)

Ал Ғиса ( Ғ.С.) жайында саған мәлімет келгеннен кейін өзіңнен кім таласса да оларға: «Келіңдер! Балаларымызды, балаларыңды, әйелдерімізді, әйелдеріңді, өздерімізді және өздеріңді шақырып алайық. Сонсоң Алланың лағынеті өтірікшілерге болсын! деп қарғасайық» де. (61)

Расында осы (Ғиса Ғ.С.ға байланысты) қиссалар әлбетте шындық. Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Шын мәніде Ол Алла, аса үстем, тым кемеңгер. (62)

Егер олар (Алланы бірлеуден) бет бұрса, Алла бұзақыларды біледі. (63)

(Мұхаммед Ғ.С.) : «Әй Кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаға құлшылық қылайық, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт. Егер олар жүз бұрса: «Куә болыңдар, шәксіз біз Мұсылман болдық» деңдер. (64)

Әй Кітап иелері! Ыбырайым (Ғ.С.) жайында не үшін таласасыңдар? Негізінен Інжіл де Тәурат та одан кейін түсірілген. Ойламайсыңдар ма? (65)

Ал сендер мәліметтерің болған нәрсеге таластыңдар ғой. Білмеген нәрселеріңе неге таласасыңдар? Алла біледі, сендер білмейсіңдер. (66)

Ыбырайым (Ғ.С.) Яһуди де, Христиан да емес еді, нағыз Мұсылман еді. Ортақ қосушылардан емес еді. (67)

Расында адамдардың Ыбырайым (Ғ.С.) ға ең жақындары; оған ергендер мен осы Пайғамбар (Мұхаммед Ғ.С.) және де мүміндер. Алла мүміндердің иесі. (68)

Кітап иелерінің бір тобы, сендерді адастыруды қалады. Олар, өздерін ғана адастырады. Бірақ олар аңғармайды. (69)

Әй Кітап иелері! Өздерің көріп, біле тұра, Алланың аяттарына не үшін қарсы келесіңдер? (70)

Әй Кітап иелері! Не үшін шындықты, бұзықтықпен араластырып, біле тұра хақиқатты жасырасыңдар? (71)

Кітап иелерінің бір тобы, (өзара): «Мүміндерге түсірілген Құранға күндіздің алдында (таңертең) иман келтіріп, күндіздің соңында (кешке жақын) қарсы шығыңдар. Мүмкін олар (күдіктеніп, діндерінен) қайтар» десті. (72)

Ал және олар: «Өз діндеріңе ергендерге ғана сеніңдер» деді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Расында Алланың жолы тура жол» деп айт. (Тағы олар өзара ): «Сендерге берілгендей ешбіреуге берілетіндігіне немесе олардың, Раббыларыңның жанында сендерге дәлелдейтіндіктеріне де сеңбендер» десті. (Мұхаммед Ғ.С.) : «Шын мәнінде кеңшілік Алланың қолында, Ол кімді қаласа, соған береді. Сондай-ақ Алла аса кең, әр нәрсені білуші» деп айт. (73)

Ол, қалаған кісісіне мәрхаметін арнайды және Алла зор кеңшілік иесі. (74)

(Мұхаммед Ғ.С.) кейбір Кітап иелеріне, толып жатқан нәрсе аманат қойсаң да, саған өтейтіндері бар. Тіпті бір динар аманат берсең де, ұдайы басында қақшыйып тұрсаң, әрең беретіндері де бар. Оның себебі олардың: «Надандар (Яһуди болмағандар) жайында бізге тергеу жоқ» дегендіктерінен. Сондай-ақ олар Аллаға біле тұра өтірік айтады. (75)

Олай емес! Кім өз уәдесін орындаса, Алладан қорықса, расында Алла (Т.) тақуаларды жақсы көреді. (76)

Негізінен сондай Аллаға берген серттерімен, анттарын аз ақшаға (дүниеге) айырбастағандар, міне солардың ақыретте бір сыбағасы жоқ. Қиямет күні Алла оларға сөз қатпайды да оларға қарамайды әрі оларды ағартпайды. Сондай-ақ олар үшін күйзелтуші азап бар. (77)

Расында кітап иелерінен бір бөлімі, Кітапта болмағанды Кітапта бар екен деп ойлауың үшін тілдерін бұрмалап оқиды да: «Осы Алланың қасынан келді» дейді. Бірақ ол Алланың қасынан емес. Сондай-ақ олар біле тұра өтірік айтады. (78)

Алла адамға кітап, даналық және пайғамбарлық берген болса, сонсоң оның басқа адамдарға: «Алланы қойып маған құл болыңдар» деулері лайық емес. Бірақ: «Кітапты үйретулерің, оқуларың бойынша нағыз Құдайшыл болыңдар» (деулері лайық) (79)

Сондай-ақ олар сендерге: «Періштелерді, пайғамбарларды тәңір жасап алыңдар!»,- деп бұйырмайды. Сендерді Мұсылман болғаннан кейін қарсылыққа бұйыра ма? (80)

Сол уақытта Алла (Т.) пайғамбарлардан: «Сендерге Кітап, хикмет бердім, соңыра жандарыңдағыны растаушы Пайғамбар келсе, әлбетте оған иман келтіріп, әрине оған жәрдем етесіңдер! Мойындап ауыр міндетімді қабыл алдыңдар ма?»,- дегенде, олар: «Қабыл алдық!»,- деген. (Алла): «Ендеше куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куә болушыларданмын» деген. (81)

Ал, сонда бұдан кейін кім бет бұрса, міне солар бұзақылар. (82)

Олар, Алланың дінінен басқа дін іздей ме? Көктердегі және жердегі барлық жан иесі ерікті, еріксіз Аллаға бой ұсынады. Сондай-ақ олар, ол жаққа қайтарылады. (83)

(Мұхаммед Ғ.С.): «Біз Аллаға, өзімізге түсірілген Құранға, Ыбырайым, Ысмайыл, Ысқақ, Яғқұп (Ғ.С.) тарға және ұрпақтарына түсірілгенге және Мұса, Ғиса (Ғ.С.) ларға сондай-ақ пайғамбарларға Раббыларынан түсірілгенге де иман келтірдік; ешбіреуінің араларында айырмашылық жасамаймыз. Сондай-ақ біздер Ол Аллаға бой ұсынушылармыз» де. (84)

Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады. (85)

Аллаға иман келтіріп, шын мәнінде Пайғамбардың хақтығына куә болғаннан әрі оларға ашық дәлелдер келгеннен кейін қарсы шыққан қауымды Алла қалайша тура жолға салады? Алла залым елді тура жолға салмайды. (86)

Міне солардың жазалары: Шәксіз оларға Алланың, періштелердің әрі біртұтас адамдардың қарғысы болады. (87)

Олар қарғыста мүлде қалады да олардан азап жеңілтілмейді және оларға назар аударылмайды. (88)

Бірақ сондай иман келтіріп, сонсоң тәубе еткендер және де амалдарын түзелткендер басқа. Расында Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (89)

Ал сондай иман келтіргеннен кейін қарсы болғандар және қарсылықтарын арттырғандар, олардың тәубесі әсте қабыл болмайды. Міне солар, жолдан адасқандар. (90)

Негізінен қарсы келіп, кәпір күйінде өлгендер, олардың әрбіреуі жер жүзі толы алтын төлесе де әсте қабыл етілмейді. Міне солар үшін күйзелтуші азап бар. Сондай-ақ оларға ешбір жәрдемші жоқ. (91)

Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі. (92)

Тәурат түсірілуден бұрын, Израилдың (Яғқұп Ғ.С. ның) өзіне ғана арам еткеннен басқа барлық тағам Израил ұрпақтарына халал еді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға айт: «Егер сөздерің шын болса, тәуратты әкеліп соны оқыңдар.» (93)

Ал бұдан кейін кім Аллаға өтірік жала жапса, міне солар залымдар. (94)

(Мұхаммед Ғ.С.) : «Алла шын айтты, ал онда бір бағыттағы Ыбырайым (Ғ.С.) ның жолына еріңдер, ол ортақ қосушылардан емес еді» деп айт. (95)

Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол. (96)

Онда ашық белгілер, Ыбырайым (Ғ.С.) ның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай. (97)

(Мұхаммед Ғ.С.) : «Әй Кітап иелері! Не үшін Алланың аяттарына қарсы келесіңдер? Алла сендердің не істегендеріңе куә. (Оған аян.)» деп айт. (98)

(Мұхаммед Ғ.С.) : «Әй Кітап иелері! Өздерің туралығына куә бола тұра не үшін қисықтық іздеп, мүміндерді Алланың жолынан тыясыңдар? Алла сендердің не істегеңдеріңнен ғапыл емес.» де (99)

Әй мүміндер! Кітап берілгендердің бір бөліміне бой ұсынсаңдар, сендерді иман келтіргеннен кейін қарсылыққа қайтарады. (100)

Сендерге Алланың аяттары оқылуда әрі іштеріңде Алланың елшісі бола тұра қалайша қарсы келесіңдер? Және кім Аллаға жабысса, сонда әрине ол тура жолға түсірілді. (101)

Әй мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да Мұсылман болған күйде ғана өліңдер. (102)

Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді. (103)

Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар. (104)

Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар. (105)

Қиямет күні кей беттер ағарып, кей беттер қараяды. Сонда қара беттерге: «Иман келтіргеннен кейін қарсы келдіңдер ме? Ендеше, қарсы келулерің себепті азапты татыңдар!»,- (делінеді.) (106)

Ал енді ақ жүзділер, Алланың рахметінде болады да, олар онда мәңгі қалады. (107)

осы Алланың аяттары. (Мұхаммед Ғ.С.) оны, саған шындықпен оқимыз. Алла (Т.), әлемге зұлымдық етуді қаламайды. (108)

Көктердегі және жердегі нәрселер Алланың иелігінде және барлық істер Аллаға қайтарылады. (109)

Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар. Ал егер кітап иелері иман келтірсе еді, әлбетте олар үшін жақсы болар еді. Олардан иман келтіргендер де бар. Олардың көбірегі бұзақылар. (110)

Олар сендерге реніштен басқа зиян бере алмайды. Ал егер сендермен соғысса, сырт айналып қашады. Сонсоң оларға жәрдем етілмейді. (111)

Қайда болса да оларға қорлық соққысы тиген. Бірақ Алладан қорғау және адамдардан келісім болса басқа. Әрі олар Алланың ашуына ұшырап, кедейшіліктің де соққысын жеді. Осы олардың Алланың аяттарына қарсы келулері, жазықсыз пайғамбарларды өлтірулері себепті. Сондай-ақ олардың қылмысты болып шектен шығуларының салдарынан. (112)

Кітап иелерінің бәрі бірдей емес. Олардың түн мезгілінде тіке тұрып, Алланың аяттарын оқып, сәжде ететін бір тобы бар. (113)

Олар Аллаға, ақырет күніне сенеді де дұрысқа қосып, бұрыстан тосады. Сондай-ақ қайырлы істерде жарысады. Міне солар ізгілер. (114)

Олар қайырдан не істесе де тойтарылмайды. (Зая кетпейді) Алла (Т.) тақуаларды толық біледі. (115)

Негізінен қарсы болғандардың малдары, балалары Алладан ешбір нәрсені қорғамайды. Міне солар тозақтық, олар онда мәңгі қалады. (116)

Олардың бұл дүние тіршілігінде қылған қайырларының мысалы: Өздеріне зұлымдық істеген елдің егініне тиіп жоқ еткен суық боран тәрізді. Оларға Алла зұлымдық етпеді, бірақ олар өздеріне зұлымдық етті. (117)

Әй мүміндер! Өздеріңнен өзгелерді сырдас тұтпаңдар. Олар сендерге қастандықтан тартынбайды. Сондай-ақ олар күйзелулеріңді қалайды. Олардың кектері ауызынан-ақ көрініп тұр. Әрі олардың жүректерінде жасырғандары тағы үлкен. Егер түсінетін болсаңдар, әрине сендерге аяттарымызды баян еттік. (118)

Я, сендер оларды жақсы көрсеңдер де, олар сендерді жақсы көрмейді. Сондай-ақ сендер Кітаптың бәріне сенесіңдер. Қашан олар сендерге кездессе: “Иман келтірдік” деп, ал қашан олар оңашалана қалса, сендерге деген ызаларының зардабынан саусақтарын шайнар. (Мұхаммед Ғ.С.): “Ызаланған бойда өліп кетіңдер!” де. Шәксіз Алла көкіректегілерді толық біледі. (119)

Егер сендерге бір игілік жетсе, оған олар хош болады. Егер сабыр етсеңдер, сақтық істесеңдер, олардың сығандықтары сендерге ешбір зиян қылмайды. Күдіксіз Алла (Т.) олардың не істегендерін толық біледі. (120)

(Мұхаммед Ғ.С. Ұхыт соғысы кезінде) үйіңнен ерте шығып, мүминдерді соғыс үшін орындарға орналастыруда едің. Алла әр нәрсені естіп, білуші. (121)

(Ұхыт соғысында мұнафықтар майданнан қасақана қайтып кеткендіктен, оң-сол екі қанаттағы топқа да қобалжу кірді.) Сол уақытта сендерден екі топ, уайымдап үрейленді. Сондай-ақ Алла (Т.) ол екеуінің жәрдемшісі еді. Мүміндер, Аллаға тәуекел етсін. (122)

Әрине Алла сендерге Бәдірде де жәрдем етті. Онда сендер тағы нашар едіңдер. Алладан қорқыңдар, әлбетте шүкір еткен боласыңдар. (123)

(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта (Бәдірде) мүміндерге: «Раббыларың сендерге періштелерден үш мың түсіріп жәрдем етсе, жетпей ме?»,- деуде едің. (124)

Әрине егер сабыр етсеңдер, сақсынсаңдар сондай-ақ жау дереу осы араға жетіп келетін болса, Раббыларың сендерге бес мың белгілеулі періштелермен жәрдем етеді. (125)

Алла (Т.) мұны сендер үшін қуаныш әрі онымен жүректерің орнықсын деп қана етеді. Нұсрат, өте үстем, хикмет иесі Алланың қасынан ғана болады. (126)

Сондай-ақ кәпірлердің бір жағын қыру немесе абыржыту, олардың күдер үзіп қайтулары үшін. (127)

(Мұхаммед Ғ.С.) ешбір іс сенің еркіңде емес. Алла немесе олардың тәубесін қабыл етеді әлде оларды қинайды. Өйткені, олар залымдар. (128)

Көктер мен жердегілердің бәрі Аллаға тән. Кімді қаласа, жарылқап, кімді қаласа, азап қылады. Сондай-ақ Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (129)

Әй мүміндер! Үсті-үстіне өсім жемеңдер, Алладан қорқыңдар. Әрине құтыласыңдар. (130)

Сондай-ақ қарсы болғандар үшін дайындалған оттан қорқыңдар. (131)

Әрі Аллаға және Елшісіне бой ұсыныңдар, әлбетте мәрхаметке бөлеңесіңдер. (132)

Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар. (133)

Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді. (134)

Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқауын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. (135)

Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей айбат! (136)

Сендерден бұрын түрлі уақиғалар өткен. Жер жүзін кезіңдер: жасынға шығарушылардың соңының не болғанын көріңдер. (137)

Бұл (Құран) адам баласы үшін ашық түсінік, тура жол және тақуалар үшін насихат. (138)

(Мұсылмандар!) Босамаңдар да қайғырмаңдар. Егер мүмін болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар. (139)

Сендер (Ұхытта) жараланған болсаңдар, әрине (Бәдірде) ол ел де, сол құсап жараланған болатын. Осы күндерді адамдардың араларында айналдырамыз. Өстіп Аллаға сенушілерді анықтау және сендерден шәйіт алу үшін… Алла залымдарды сүймейді. (140)

Сонымен қатар мүміндерді тазарту және кәпірлерді жою үшін. (141)

Әйтпесе, сендерден соғысқандарды анықтап, сабырлыларды ашаламай, жаннатқа кіріп кетеміз деп ойлайсыңдар ма? (142)

Расында сендер өлімге кездесуден бұрын оны тілеуші едіңдер. Ал енді оны көрдіңдер де, қарап тұрсыңдар. (143)

Мұхаммед (Ғ.С.) бір елші ғана, одан бұрын да елшілер өткен. Ал сонда ол өлсе не өлтірілсе, сендер сонда өкше (із) леріңе айналасыңдар ма? (Қайта кәпір боласыңдар ма?) Кім өкше ізіне қайтса Аллаға ешбір зиян келтірмейді. Сондай-ақ Алла, шүкір етушілерді сыйлайды. (144)

Алланың бұйрығы болмайынша ешкім өлмейді, ол жазулы бір мерзім. Кім дүниенің пайдасын тілесе, оған одан береміз. Ал кім ақырет пайдасын қаласа, оған одан береміз. Сондай-ақ шүкірлік етушілерді сыйлаймыз. (145)

Қаншалаған пайғамбар онымен бірге көптеген құдайшылдар соғысқан болатын; сонда бастарына келгенге олар босамады да осалдамады. Сондай-ақ именбеді. Алла қажырлыларды жақсы көреді. (146)

Ал олардың сөздері: «Раббымыз! Күнәларымызды, ісіміздегі орынсыздықтарымызды кеше көр әрі табанымызды мықтап, кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!»,- деу ғана еді. (147)

Сондықтан Алла (Т.) оларға дүние пайдасын беріп, ақырет пайдасының ең көркеміне бөледі. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді. (148)

Әй мүміндер! Егер кәпірлерге бой ұсынсаңдар, сендерді кері қайтарады. Сонда зиян етушілерге айналасыңдар. (149)

Әрине иелерің Алла, Ол нұсрат берушілердің жақсысы. (150)

Ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаға ортақ қосулары себепті кәпірлердің жүректеріне қорқу саламыз. Сондай-ақ олардың орындары от. Залымдардың орны нендей жаман! (151)

Расында Алла, сендерге деген уәдесін шындыққа айналдырып, Оның бұйрығымен оларды өлтіре бастадыңдар. Дегенмен Алла өздеріңе сүйген нәрселеріңді көрсеткеннен кейін, осалдық қылып, берілген әмір жайында таластыңдар да қарсы келдіңдер. Сендерден біреулер дүниені қалайды да біреулер ақыретті қалайды. Сонсоң Алла сендерді сынау үшін олардан беттеріңді қайтарды да онымен қатар кешірім етті. Алла мүміндерге кеңшілік иесі. (152)

Сол уақытта Пайғамбар арттарыңнан шақырса да ешкімге қайрылмай ұзап бара жаттыңдар. Алла, сендерді қолдарыңнан кеткенге де бастарыңа келгенге де кейімеулерің үшін қайғыға ұшыратты. Алла (Т.) не істегендеріңді толық біледі. (153)

Сонсоң (Алла) сендерге қайғыдан кейін тыныштық ұйқысын жіберді де сендердің бір бөлімдеріңді баурап алды. Және бір топтың, жандары қайғы болып, олар Аллаға орынсыз надандық ой ойлады. Олар: «Бұл істе бізде не ерік бар?»,- десті. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Барлық іс Алланың еркінде» деп айт. Ал олар іштеріңде жасырған нәрселерін саған әшкерелемейді. Тағы олар: «Іс біздің еркімізде болса еді, осы жерде өлтірілмес едік» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер сендер үйлеріңде болсаңдар да өлтірілуі жазылғандар, әрине өлтірілетін жерлерінде болар еді» деп айт. Алла көкіректеріңдегіні сынау және жүректеріңдегіні тазарту үшін өстіді. Сондай-ақ Алла көкейлеріндегіні толық білуші. (154)

Шын мәнінде (Ұхыт соғысы күні) екі топ кездескен сәтте, сендерден бет бұрғандарды кейбір қылықтарының салдарынан шайтан мүлде тайдыра жаздады. Расында Алла оларды кешірім етті. Шәксіз, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (155)

Әй мүміндер! Кәпірлер сияқты болмаңдар! Олар жер жүзінде кезіп жүрген немесе соғыста болған туыстары үшін: «Егер олар жанымызда болса еді, өлмес те өлтірмес те еді» деді. Алла бұны олардың жүректеріңе қасірет қылу үшін өстіді. Алла тірілтеді де, өлтіреді. Сондай-ақ Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші. (156)

Егер Алла жолында өлтірілсеңдер немесе өлсеңдер, әрине Алланың жарылқауы әрі мәрхаметі олардың барлық жиған-тергендерінен жақсы. (157)

Егер өлсеңдер не өлтірілсеңдер де әрине Алланың алдына жиналасыңдар. (158)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді. (159)

Егер Алла сендерге нұсрат берсе, сонда сендерге үстем келуші болмайды. Ал егер Алла сендерді тастаса, (жәрдем қылмаса,) одан кейін сендерге кім жәрдем етеді? Сондай-ақ мүміндер Аллаға тәуекел етсін. (160)

Бір пайғамбар үшін олжаға қаралық істеуі мүмкін емес. Ал егер кім қаралық істесе, қиямет күні қаралық істеген нәрсесімен келеді. Сонсоң әркімнің еңбегі толық беріледі. Сондай-ақ олар зұлымдыққа ұшырамайды. (161)

Алланың ризалығын іздеген кісі, Алланың ашуына ұшырап, орны тозақ болған кісімен тең бе? Ол нендей жаман орын. (162)

Олар Алланың қасында түрлі дәрежелерде болады. Сондай-ақ олардың не істегендерін толық көруші. (163)

Расында Алла (Т.) мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді. (164)

Сендер оларды екі есесіне ұшыратқан бір қайғыға, өздерін ұшырағандықтан: «Бұл қайдан келді?»,- дедіңдер. (Ұхытта Мұсылманнан жетпіс кісі шейіт болған болса, Бәдірде кәпірден жетпісі өліп, жетпісі қолға түскен еді.) (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Ол өз пиғылдарыңнан» деп айт. Шәксіз Алланың әр нәрсеге күші жетуші. (165)

Ал және сендерге (Ұхытта) екі топ қарсыласқан күнгі тиген соққы, Алланың бұйрығымен мүміндерді байқау үшін еді. (166)

Сондай-ақ мұнапықтарды да байқау үшін… Ал оларға: «Келіңдер, Алла жолында соғысыңдар, не қорғанысқа тұрыңдар» делінсе, олар: «Егер соғысуды білсек, әрине арттарыңнан ерер едік» деді. Олар ол күні иманнан көрі қарсылыққа жақынырақ еді. Олар жүректерінде болмағанды ауыздарымен айта береді. Негізінде Алла, олардың жасырын нәрселерін жақсы біледі. (167)

(Мұхаммед Ғ.С.) өздері отырып, туыстарына: «Егер тілімізді алса еді, олар өлтірілмес еді» дегендерге: «Сөздерің шын болса, өлімді өздеріңнен кетіріңдер» деп айт. (168)

Алла жолында өлтіргендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі. (169)

Олар Алланың кеңшілігімен өздеріне берген нәрселеріне мәз-мейрам болады да, әзірше өздеріне қосылмай арттарында қалғандарды да: «Оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды» деп шүйіншілегілері келеді. (170)

Тағы олар Алладан болған нығметке, кеңшілікке қуанады. Шынында Алла мүміндердің сауабын жоймайды. (171)

Өздері соққы жегеннен кейін де Алла және Елшісінің нұсқауларын қабылдағандар сондай-ақ олардың жақсылық істеп, тақуа болғандары үшін зор сыйлық бар. (172)

Оларға адамдар: «Сендер үшін ел жиналды, сондықтан олардан қорқыңдар» деді. (Бұл сөз) олардың иманын арттырды да олар: «Бізге Алла жетіп асады, Ол нендей жақсы ие» деді. (173)

(Ұхыт соғысының келер жылы Мекке кәпірлері Мединеге келіп: «Соғысуға жиналып жатыр» деген хабарды алған Мұсылмандардың жігері қайнап, жолға шыққанда, жау қорқып, қайтып келіп, Мұсылмандар аман-есен пайдаланып қайтады.) Сондықтан олар Алланың нығметі және кеңшілігімен бір сәтсіздікке ұшырамай Алланың ризалығына бөленіп, қайта оралды. Алла (Т.) зор кеңшілік иесі. (174)

Негізінен шайтан өз достарын қорқытады. Сондықтан олардан қорықпаңдар да Менен қорқыңдар, егер мүмін болсаңдар. (175)

(Мұхаммед Ғ.С.) олардың қарсылыққа жарысулары сені кейітпесін. Өйткені, олар Аллаға әсте зиян келтіре алмайды. Алла оларға ақыретте бір несібе бермеуді қалайды. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар. (176)

Негізінен сондай иманның орнына қарсылықты айырбастағандар, олар да Аллаға ешбір зиян бере алмайды және олар үшін күйзелтуші азап бар. (177)

Ал және сондай қарсы болғандар, негізінен оларға мұрса беруімізді, өздеріне қайырлы деп әсте ойламасын. Шын мәнінде күнәларын арттырсын деп қана орай береміз. Сондай-ақ олар үшін қорлаушы қинау бар. (178)

Алла, мүміндерді осы сендер болған күйде, жақсыдан жаманды айырмай қоюшы емес. Әрі сендерге көместі де білдірмейді. Бірақ елшілерінен қалағанын таңдап, соған білдіреді. Ендеше, Аллаға, елшілеріне иман келтіріңдер егер иман келтіріп, тақуа болсаңдар, Сонда сендер үшін зор сыйлық бар. (179)

Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Алланікі. Әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі. (180)

Әрине олардың: «Алла кедей, біз баймыз» деген сөздерін Алла естіді. Олардың айтқандарын және жазықсыз пайғамбарларды өлтіргендерін жазамыз да, оларға: «Күйдіруші азапты татыңдар!»,- дейміз. (181)

Бұл қолекі істегендеріңнің сазайы. Шәксіз Алла, құлдарына зұлымдық қылушы емес. (182)

Сондай: «Расында Алла (Т.) бізге от жеп кететін бір құрбан келтірмейінше, ешбір пайғамбарға иман келтірмеуімізге серт берген» дегендерге (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендерге менен бұрынғы пайғамбарлар ашық дәлелдерді сондай-ақ айтқандарыңды келтірген еді. Егер сөздерің рас болса, оларды неге өлтірдіңдер?»,- деп айт. (183)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер олар сені мойындамаса, сенен бұрынғы ашық дәлелдер, нұсқалар және түрлі кітап келтірген пайғамбарларды да мойындамаған еді. (184)

Әркім өлім татады. Шын мәнінде қиямет күні ақыларың толық төленеді. Сонда кім оттан құтқарылып жұмаққа кіргізілсе, рас құтылды. Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі. (185)

Малдарың және жандарың жайында әрине сыналасыңдар; сондай-ақ сендерден бұрыңғы кітап берілгендерден және мүшріктерден де көптеген реніш естисеңдер. Егер сабыр етсеңдер әрі сақсынсаңдар; шәксіз бұл маңызды істер. (186)

Сол уақытта Алла (Т.) Кітап берілгендерден: «Әлбетте оны адамдарға түсіндіріңдер, жасырмаңдар» деп, сенім алған. Дегенмен олар, оны арт жақтарына тастады. Әрі олар оны аз бір бағаға айырбастап алды. Сонда олар нендей жаман нәрсе сатып алды. (187)

(Мұхаммед Ғ.С.) сондай істегендеріне мәз болып, істемегендерімен де мақтауларын сүйгендерді есепке алма. Сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама. Өйткені олар үшін жан түршігерлік азап бар. (188)

Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Алла (Т.) ның әр нәрсеге толық күші жетеді. (189)

Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. (190)

Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (191)

«Раббымыз! Сен кімді отқа салсаң, расында оны қорладың. Залымдардың еш жәрдемшісі жоқ.» (192)

«Раббымыз! Біз: Раббыларыңа иман келтіріңдер (деп) шақырған шақырушыны естіп, иман келтірдік. Раббымыз! Енді күнәларымызды жарылқап, жамандықтарымызды жасыр. Және жақсылармен бірге өлім бер!» (193)

«Раббымыз! Бізге елшілеріңе уәде еткендеріңді бер. Сондай-ақ бізді қиямет күні қорлама. Күдіксіз Сен уәдеден айнымайсың» (деп тілейді) (194)

Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын. Бір-біріңненсіңдер. (Бәрің бірдейсіңдер.) Және сондай босқандардың, жұрттарынан шығарылғандардың және Менің жолымда жапа шектірілгендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ оларды астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземін. Сыйлық Алланың қасынан. Әрине сыйлықтың жақсысы Алланың қасында.» (195)

(Мұхаммед Ғ.С.) қарсы болғандардың, мемлекеттерде айналып (кезіп) жүруі сені алдамасын. (196)

Аз бір пайдаланудан кейін олардың орны тозақ, нендей жаман орын. (197)

Бірақ сондай Раббыларынан қорыққандар, олар үшін астарынан өзендер ағатын бақшалар бар. Олар Алла тарапынан қонақ үйлерде қалады. Алланың қасындағылар игілерге жақсы. (198)

Шын мәнінде Кітап иелерінен Аллаға иман келтіріп, сендерге түсірілген әрі өздеріне түсірілген нәрселерге Алладан қорыққан түрде сенетіндері де бар. Сондай-ақ олар Алланың аяттарын аздаған бағаға сатпайды. Міне солар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Алла (Т.) тез есеп көруші. (199)

Әй мүміндер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар әрине құтыласыңдар. (200)

Құранды сайтқа қою  |  Намаз уақыттары  |  Хадистер
Хатым  |  Ораза  |  Islam.kz
© 2008-2017 Құран Кәрім